Биыл Бөрлі ауданында он мыңнан астам оқушы білім алады. Оларға 1138 мұғалім сабақ береді. Педагогтердің сапалық құрамы 45 пайызды құрайды. Аудан әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, 2026-2027 жылы оқу жылында 823 бала бірінші сыныпқа қабылданбақ. Жалпы ауданда 24 мектеп бар. Олардың басым көпшілігі баланың жан-жақты білім алу үшін жабдықталған. Бірақ Бөрліде апатты әрі үш аусымда оқитын оқу ордалары да бар. Соның бірі- Кеңтүбек жалпы білім беретін орта мектебі. Білім ошағы 2023 жылы апатты деп танылған. Қазіргі таңда аталмыш оқу ордасында 159 оқушы білім алады екен.
— Алдағы 2026-2027 оқу жылына жаңа мектептер салу көзделмеген, сонымен қатар аудандық мектептер күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Дегенмен, мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жалпы көлемде 76 157 800 теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде қала мектептеріне – 60 603 000 теңге, ауылдық мектептерге – 15 554 800 теңге, – делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми хабарламасында.
Оқушылардың жайлы ортада білім алу үшін соңғы үш жылда ауданда төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 2024 жылы бір оқу ордасы және 2025-2026 жылдары үшін үш білім ошағының құрылысы аяқталды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Жарсуат ауылында жаңа мектеп бойы түзеді. Оқу ордасы 108 балаға арналған. Жаңа нысан 2024 жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Бөрліде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып жатыр. Өткен жылы Пугачев пен Ақсай қаласында жаңа оқу ордалары бой түзеді. Пугачевте бой көтерген 300 орындық оқу ошағы 2024 жылдың қазан айында пайдалануға тапсырылды. Шағын шаһарда салынған білім беретін мекемеде 300 балаға арналған.
— Ақсай қаласының 13-шағын ауданындағы 900 орындық үлкен мектептің құрылысы толық аяқталып, қазіргі уақытта оны қабылдап алу құжаттары әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда осы қолданысқа берілген жаңа білім ордаларында 980 оқушы оқып жатыр. Бұл заманауи мектептер балаларға қауіпсіз әрі жайлы оқу ортасын ұсынып, олардың білімге деген құштарлығын арттыруға, сондай-ақ жаңа зертханалар мен жабдықталған кабинеттерде озық технологияларды қолдана отырып білім сапасын көтеруге септігін тигізуде, – деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.
Ауданда әлі күнге дейін үш аусымда оқитын мектептердің мәселесі бар. 2025-2026 оқу жылында Ақсай қаласында жұмыс істейтін №6 мектеп-лицейінде бала санының артуына байланысты үш аусымда сабақ беру режиміне көшіпті. Осы мектеп 900 баланы оқуға арналған. Алайда аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқу ошағында 1800-ден астам оқушы білім алыпты. Аудан билігі осы мәселені шешу үшін моноқалада жаңа 1200 орынға арналған жаңа мектеп салмақ. Тек құрылыс жұмыстары 2029-2030 жылдарға жоспарланыпты. Жаңа оқу ордасын №14 шағын ауданда салынады екен.