Батыс Қазақстан облысында Qadam AI бағдарламасымен балаларды спортпен жаттықтыратын бір топ кәсіпкер ақшамызды ала алмай жүрміз деп облыстық әкімдіктің ғимаратына келді. Кәсіп иелері екі айдан бері жан басына шаққандағы қаржыландыруды ала алмай жүрміз деп айтады. Ақшасын ала алмай жүрген жанның бірі – Бибігүл Бажуова. Ол 218 балаға жүзудің қыр-сырын үйретеді. Кәсіпкерге спорт басқармасы тек маусым айы үшін төрт миллион теңге қарыз екен.
— Біздер жан басына шаққандағы қаржыландырудың мердігерлеріміз. Бізге балалар келіп жаттығады, жаттыққан балалардың ақшасын ай сайын үкімет төлеп отыруы керек. Біздің сондай шартымыз бар. Қазіргі уақытта маусым айының ақшасын әлі алған жоқпыз. Біз сол қаражаттан жаттықтырушыларға, жалдаудың ақысы мен салық төлейміз. Қызмет көрсетілді. Балалар сабаққа келді. Барлығымыз жұмыс істедік. Бізден жаттықтырушыларымыз қаржы сұрайды. Жалға берген ғимараттың иелері ақшасын сұрайды. Екінші салықты төлеуіміз керек. Нақты қашан қаржы алатынымыз туралы ақпарат жоқ. Бірінші бізге : «Ақша жоқ»,деді. «Казначейство ақша бермей жатыр. Бір күн, бір жұма күтіңіз, екінші жұма, 15 тамызда береміз », деп айтты. Бүгін Бейбіт Сергейұлы келіп, «Ақшаның қашан түсетінін білмейміз», деді. (...) Әр мекемеге басқарма әртүрлі қарыз. Біріне бес миллион, біріне 7 миллион теңге. Шілде айын сұрап отырған жоқпыз. Біз маусымның ақшасын сұрап отырмыз, — дейді кәсіпкер Бибигүл Бажуова.
Әкімдікке келген кәсіпкерлердің арасында Qadam AI бағдарламасының жұмысын сынға алғандар да болды. Олар бағдарламаның жөнді қызмет көрсетпейтінін де тілге тиек етті. Бизнес субьектілері «Даму бала» бағдарламасымен мәдениет саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін маусым айының ақшасы қалай төленді деген сауалды ортаға салды. Жаңа бағдарламамен ауылдық жерде бала жаттықтыратын кәсіпкерлер жас спортшылардың тасымалы үшін қосымша ваучер бөлуді сұрап отыр.
Кәсіпкерлермен кездескен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдаулет Сәбитов осы аптаның соңына дейін есепшотқа екі айдың ақшасы түсетінін мәлімдеді.
— Мәселе жасырын емес. Тек спорт саласында ғана өңірдің бүкіл саласында шиеленіс бар. Өңіріміз ғана емес елімізде аздап экономикалық кризис болып жатыр. Соның негізінде бізде екі ай берешек жиналып қалды. Айына шатаспасам 135 миллион теңгеден. Жаңа басшылықпен келістік. Резервтегі ақшамыздан беретін болдық. Екі айын төлейтін болдық, –дейді Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдаулет Сәбитов.
Батыс Қазақстан облысында 2026 жылдың көктемінде Qadam AI бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаға арқылы 15 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады. Оқушыларды 198 кәсіпкер спортқа баулиды.