БҚО-да үш мемлекеттік қызметкерге ескерту берілді
БҚО-да әдеп кеңесінінің кезекті отырысында үш мемлекеттік қызметкерге қызметіне сәйкес келмейді деген ескерту берілді.

Әдеп жөніндегі кеңесте Сырым ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваға қатысты тәртіптік іс материалдары қаралды. Аудандық прокуратура 2023-2024 жылдар мен биылғы жылдың өткен кезеңіне тексеріс жүргізуде. Осы тексеріс нәтижесінде инватакси қызметінде бірқатар олқылықтар бары анықталды.
Арнайы такси қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік мекеме тендер арқылы тасымалдайтын мердігерді анықтайды. Сырым ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 2024 жылға арналған «Малика» дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды қатарға қосу» қоғамдық бірлестігімен 12 миллион 702 мың 857 теңгеге келісімшарт жасаған.
Ауданда бұл қызметті 30 адам алған екен. Оның сегізі бала, бір тұрғын арбаға таңылған. Инватаксидің қызметін пайдаланалатындар бір күн бұрын диспечерге хабарласып, өтініш қалдырып келген. Мүмкіндігі шектеулі жандар тек жұмыс күндері таңғы сегізден кешкі жетіге дейін арнайы қызметтің шарапатын көріпті.
— Мұндай шарт қолданыстағы заңнаманың талаптарына қайшы келеді. Және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын шектеуге алып келіп отыр. Қағидалардың екінші тармағына сәйкес, "Инватаксидің көрсетуге қойылатын талаптар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындау" туралы шартта көрсетіледі. Оның ішінде тәулік ішінде күндізгі және түнгі уақытта инватаксидің жұмыс режимі, демалыс және мереке күндері ескертіледі", деп көрсетілген. Сондай-ақ, инватакси қызметтерін көрсетуге арналған обьектілермен белгіленген пунктердің тізбесінен мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері үшін массаж қызметін көрсететін ұйымдар жоқ. Бұдан басқа, талдаумен инватаксидің қызметін ұсынатын өнім берушінің біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Мәселен, инватакси қызметтері 2014 жылы шыққан «Лада» Ларгус универсал» маркілі, 1998 жылы шыққан «Фольваген Шаран» маркілі, 2007 жылы «Лада Приора» маркілі осы сияқты көлік құралдары көрсетілген, — деді Сырым ауданы прокуратурасының прокуроры Қайырбек Темірбай.
Инватакси қызметіне кірісу үшін темір тұлпарлардың барлығы қайта жабылдықталған «М1» санатында болуы керек. Өз бетімен қозғала алмайтын адамдардың емін-еркін қозғалысы үшін оларды отырғызуға, түсіруге арналған арнайы гидравикалық немесе жылжымалы құрылғы мен арнайы кресло- арбаларды бекітуге арналған құралдармен жабдықталуы шарт. Арнайы такси қызметінің талаптары Ұлттық стандартта көрсетілген.
— Тексеріс көрсеткендей мүгедектігі бар адамдардың тасымалдау бойынша инватаксидің қызметтердің сапасыз ұйымдастыруына тікелей жол берілген. Осылайша, Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік мекемесінің басшысы Исатаева мемлекеттік сатып алу туралы шарт және жоғарда аталған жағдайда өнім берушінің инватакси қызметіне жол беріп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңының 50 бабы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған, — дейді Қайырбек Темірбай.
Әдеп жөніндегі кеңесте аудан мен ауылда инватакси қызметін ұйымдастыру жайлы біраз пікірталас болды. Бұған дейін Қаратөбе ауданының прокурорлары да осындай заң бұзушылықты анықтапты. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Серік Сүлеймен «ауылдық жерде арнайы жабдықталған көлік құралдарын табу мүмкін емес», дейді. Ол прокурорлардың жұмысына шүлікті.
Жиынға Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева қатысты. Ол прокурорлық тексерістен соң, қабылдаған шешімдерін жіпке тізді.
— Қазіргі уақытта ұсынбасада көрсетілген сенбі, жексенбі, түнгі уақыттарда көрсетілетін қызметтер туралы біз мердігерге ескерттік. Сондықтан ешқандай шектеу жоқ. Біз мемлекеттік сатып алуға бергенде уақытын шектеп көрсеткеніміз жоқ. Бұған дейін 2023-2024-те жұмыс уақытында көрсетілді қызмет. Бізде вокзал, аэропорт, сосын барлық әлеуметтік нысандар жұмыс күні, жұмыс уақытында жасайтындықтан сондай тасымал жасалды. Қазіргі таңда ескертілді, ешқандай шектеу жоқ. Мүгедектігі бар тұлғалар демалыс күндері де түнгі мезгілде де инватакси қызметін шақыра алады. Дәріханаға баратын болса, саябаққа баратын болса оған ешқандай шектеу жоқ ұсынба бойынша, — деді Сырым ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева.
Әдеп кеңесінде Кенжегүл Исатаева арнайы жабдықталған көлік құралдарының мәселесі де оңтайлы шешілетінін хабарлады. Алайда, жиында атқарылмаған қызмет үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мердігерге 1,9 миллион теңге көлемінде қаржы аударғаны да белгілі болды. Мәселен, қарашада бір арнайы қызметті алушының Астанада ем-дом қабылдапты. Құжат бойынша әлгі азамат 19 мың теңгеге қызмет алған. Осындай қызмет алмаған үш адам үшін ақы аударғаны анықталды.
Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері Сырым ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына қызметіне толық сәйкес келмей еместігі туралы ескерту берді.
Бұдан бөлек, жиында Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылының әкімі Есбол Сакауовтың ісі қаралды. Ол жүргізуші куәлігінсіз жұмыстан тыс уақытта темір тұлпар басқарыпты. Атқамінер бұған дейін де масаң күйінде көлік жүргізіп, ісі әдеп кеңесінде қаралды. Кеңестің төрағасы қайталап тәртіп бұзған әкімнің ісін елеулі теріс қылық деп бағалады. Жиында Бостандық әкіміне қатысты қызметіне толық сәйкес келмей еместігі туралы ескерту берілді.
Ал, Бәйтерек ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Александр Полежаев жұмыстан тыс уақытта қоғамдық жерде қоқыс лақтырып, айыппұл арқалаған. Заң бұзған мемлекеттік қызметшінің ісі де кеңесте қаралды. Алайда Александр Сергеевич бұл жиынға келмей, төбе көрсетпеді. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері оған ескерту жасады.