Батыс Қазақстан облысында баласына алимент төлемеген борышкер сотталды. Ол бір жылдан бері алимент төлемей келген. Оның қарызы төрт миллион теңгені құрапты. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлайды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соты борышкерді Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша кінәлі деп тауып, алты ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

– Бұған дейін борышкер осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылып, алайда рақымшылық актісін қолдануға байланысты жазадан босатылған. Соған қарамастан, тиісті қорытынды жасамай, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтаруын жалғастырған, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

2026 жылдың төрт айында облыста алимент төлеуден жалтарған 21 қылмыстық іс тіркелген. Прокурорлар жеті іс қос тараптың татуласына байланысты тоқтатылғанын, бес іс бойынша үкім шығып, қалғаны өндірісте екенін хабарлады.