«Мой город» ақпарат агенттігінің редакциясына Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылының тұрғындары далада ауру киік пен олардың өлекселері қаптап жатыр деп хабарласты. Ауыл тұрғындары жайылым жерлерде ақбөкендердің жатқан видеосын жолдады. Ауылдық ағайын киіктің ауруы малға жұғады ма деп қорқады. Олар «Охотозопром» мекемесінің жұмысын сынға алуда. Тұрғындар киіктің өлекселерін көміп, даланы тазартуды сұрап отыр.
Киіктердің мәселесін Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының башысы Нұрлан Рақымжановтан сұрап білдік. Басшы қазіргі таңда сала мамандары үш ауданда жұмыс істеп жатыр деп айтты.
- Қазір барлық жерде болып жатыр. Барлық жерде дегенде үш ауданда Жәнібек, Казталов, Ақжайық ауданында. Киіктің ауруына байланысты біздер комментарий бере алмаймыз. Себебі мамандар бар. Ветинспекция, Ветеринариялық басқарма бар. Қандай ауру екенін ресми түрде біздер айта алмаймыз. Ол біздің құзырымызда жоқ. (...) Алгоритм бойынша барлық құзырлы орган жұмыс істеу керек. Жергілікті атқарушы органдар, мал дәрігерлері, полиция қызметкерлері барлығы бірігіп акт толтырады. Киіктерді шұңқырларға көміп, жойып жатыр. 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, күні бүгінге дейін 6597 бас киіктің көзін жойдық. Қазір үш ауданда, өткенде Бөкей Ордада болды. Қазір Бөкей Ордасы ауданында жағдай ыңғайланды. Бірақ қайтадан әлі болады. Қазір үш ауданда жұмыс істеп жатырмыз, - деді Нұрлан Рақымжанов.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында облыстық ветеринария басқармасының мамандары Ақжайық ауданында орналасқан Шабдаршап, Атамекен мен Шолан ауылында малдан алынған сынамада ринотрахеит табылғанын мәлімдеген еді. Ауруға шалдыққан малдар сауығыпты. Жұқпалы індет Атырау облысынан келді деген болжам бар. Ветеринарлар өңірде аусул немесе өзге де жұқпалы ауру таралып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.