Казталов ауданының әкімдігі республикалық олимпиада жеңімпаз атанып, жүлдегер болғандарға ақшалай сыйақы табысталды. Салтанатты кеште бірінші орын алғандарға бір миллион теңге, екінші орын алғандарға 700 мың теңге, үшінші орын алғандарға 500 мың теңге берілді. Оқушыларды даярлаған ұстаздарға да қаржылай сый мен ауылдық жерде мал ұстайтын жандарға бір тіркеме шөп берілмек.

Үздіктер марапатталған кеш Қараөзен мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Оқу ошағының қабырғасында «Дарындылыққа дара жол» атты салтанатты кеш өтті. Жиында сөз алған Казталовтың әкімі Асланбек Саркулов білім беру саласында атқарылған жұмыстарды жіпке тізді.

— Бүгінгі басқосудың басты себебі жас дарындарымыз. Сіздер тек шағын мектеп қана емес, ауданның мерейін асқақтаттыңыздар. Білім саласында үштік одақтың нақты көрсеткіші өздеріңізсіздер. Президент бастамасымен ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылды төрт мектеп пайдалануға берілді, екі мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық база нығайтылды. Сонымен қатар оқушыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен пәндік олимпиадаларда аудан мерейін асқақтатып келеді, — деді аудан әкімі Асланбек Саркулов.

Республикалық олимпиада мен білім сынақтарында топ жарған оқушыларды түгендесек. Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Матхат Рашидов қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадаларда ІІІ орын иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Жетекшісі —Айнагүл Қарасаева. Осы мектептің тағы бір оқушысы Асанәлі Мұрадымов математика пәнінен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадада ІІ орын алды. Жетекшісі — Нұрбек Өтебалы.

Қараөзен мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Аяулым Тілепберген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадада ІІ орын иеленсе, жетекшісі —Альбина Тасқалиева. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Талапова Дана Серікқызы республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І орын жеңіп алып, аудан намысын абыроймен қорғады. Жетекшісі — Ботагөз Сармалаева.

Сонымен қатар республикалық шығармашылық және зияткерлік байқауларда топ жарған оқушылар да арнайы марапатталды. Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Мақсат Хамзин «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІІ орын алса, Қараөзен мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Аят Шоқат осы олимпиададан ІІІ орын иегері атанды. Бірік жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Айзада Жолдыбай, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Қарақат Нұрболат, Казталов мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Жұмагелді Аяулым Жәдігерқызы да республикалық математикалық олимпиадада жүлделі орындар иеленді.

Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 8 сынып оқушысы Ақжүрек Темірханов «Табиғатты аяла» республикалық форумында ІІ орын алса, Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Наргиза Елеусінова республикалық «Ақберен» байқауында ІІ орынға ие болды. Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Талғатқызы Айсәуле XXVI республикалық «Абай оқулары» байқауында ІІ орын иеленіп, өнерімен көпшілікті тәнті етті.

Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Думанқызы Әмина республикалық «Әбіш оқуларында» ІІ орын иеленсе, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрдаулет Ғазизжан «Ақберен» байқауынан ІІІ орын және республикалық «Әбіш оқуларынан» І орын жеңіп алды.