БҚО-да Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Халықаралық конференция Бөкей ордасы ауданында ұйымдастырылды.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей ордасы ауданында Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Жиынға Ресей Федерациясы Волгоград облысы, Волгоград қаласының «Қорған» іздестіру-зерттеу тобының жетекшісі Алексей Медведев, Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, Хан ордасы тарихи – мәдени, архитектуралық – этнографиялық музей – қорығы директорының тарихи-мәдени орындарды сақтау және инновациялық даму жөніндегі орынбасары Мереке Рушанов, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев, Жалпақтал мемлекеттік архивінің директоры Миржан Карабалин, Бөкей ордасы аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, өлкетанушы Жұбан Гумаров мен аудан тұрғындары қатысты.
Олар Бөкей Ордасының тарихы мен сұм соғыс жылдарында өткерген қиындығын жіпке тізді. Меймандар өткен тарих туралы баяндамаларын оқып, ой-толғамдарын бұқараға жеткізді. Конференцияда сөз алған аудан басшысы Нұрлыбек Дауымов бөкейліктердің ерлігін тілге тиек етті.
— Неше мыңдаған бөкейліктер майдан да, тылда да ерлік көрсетті. Соғысқа аттанғандары қан төгіс майдан даласында өз туған елінің ұлтарақтай жері үшін, қарша жауған оққа кеудесін тосып, шыбын жаны, қасық қаны қалғанша күрессе, өздері аш болса да оқ пен оттың ортасында жүріп ұрыс даласында сарбаздарға қару-жарақ, азық-түлік, жылы киім сынды көптеген қажетті тауарларды жөнелткен тылдағы ата-әжелеріміз батырлықтың, табандылықтың, қайсарлықтың арқасында Ұлы Жеңіске жетті.Міне, бұл күнде сол жеңіс туының желбірегеніне де 80 жыл толғалы отыр. Сұм соғыстың азабы мен қиыншылығын қара нардай қайыспай көтерген, халқымыздың бір-біріне деген адалдығының, қайраттылығы мен қайсарлығының арқасында «Жеңіс күніне» жетіп, елге аман-есен оралған аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін келер ұрпаққа насихаттау басты мақсатымыз. Ғасырлар жаңарып, арада қаншама жылдар өтсе де есімдері ел жүрегіне ұялаған батыр бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Нәубет күнге кеудесін оққа тосқан қаһармандарымыздың ерен еңбегі мен батырлыққа толы айшықты қолтаңбасы туған өлкенің топырағында, әр жүректе мәңгі өшпек емес, - деді Бөкей Ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Дауымов.
Тұңғыштардың мекені Сталинград шайқасының ең жақын тылы болды. Бөкей Ордасы - соғысты бастан өткерген ауданның бірі.