Президент Тоқаев Жеңістің 80 жылдығына арналған дайындыққа тоқталды
Астанада Ассамблеяның 30 жылдығына арналған шарада мемлекет басшысы Жеңістің 80 жылдығына дайындық туралы айтып берді.

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай іс-шара ұйымдастырылды. Оған мемлекет басшысы қатысты. Президент Ассамблеяның атқарған жұмысын атап өтіп, өткерген қиындықтарын жіпке тізді. Ол өз сөзінде Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін шараларға тоқталды.
Мемлекет басшысы осыдан бір жарым жыл бұрын тапсырма бергенін, соған сәйкес «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» жоспарын арнайы қабылдап, жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Осы ауқымды жұмыстың аясында ел аумағында екі мыңнан астам мәдени, ғылыми-зерттеу, ағарту және басқа да іс-шара ұйымдастырылады.Бірінші кезекте, құрметті ардагерлерге көңіл бөлінбек. Ауқымды іс-шаралар әскери шеруге ұласады. Осы әскери шерудің мән-маңызы зор.
— Енді екі аптадан кейін әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Біз бұл мерейтойды кең көлемде атап өтеміз. Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті. Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр. Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам. Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз, — деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.