Батысқазақстандық спортшылар Түркияда садақ атудан өткен халықаралық жарыста үздіктердің қатарынан табылды. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, жарыс 3-7 маусым аралығында Түркияның Стамбул қаласында өтті. Оған 38 елден 500-ден астам спортшы бақ сынапты.

Осы байқаудың қорытындысы бойынша батысқазақстандық Әсемгүл Ғалымжанова күміс жүлдеге ие болып, Мұрат Лукпанов қола жүлденің иегері атанды. Әсемгүл Жамбы нысаны бойынша үздіктердің қатарынан табылса, Мұрат Пута нысанасы бойынша бақ сынады.

– Әсемгүл Ғалымжанова бұған дейін де халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен. Ол өткен жылы Түркияда өткен Fetih Kupası халықаралық турнирінде қола жүлдегер атанған болатын. Биылғы күміс медаль спортшының кәсіби шеберлігі мен тұрақты дайындығының нәтижесін көрсетеді, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі.