Денсаулық сақтау вице-министрі БҚО тұрғындарымен жүздесті
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары тұрғындардың сауалдарына беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізді.
 
				 
					Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ардақ Амангелдиев Тасқала ауданының орталығында тұрғындарымен жүздесті. Ол министрліктің атқарып жатқан жұмыстарын жіпке тізіп, игі істерді баяндады. Вице-министр МӘМС жүйесі, кадрмен қамту мәселесіне тоқталды. Ол биыл өңірге 183 жаңа дәрігерлерді жұмысқа келгенін атап өтті. Мамандарды ауылда тұрақтандырып қалу үшін баспанамен қамту мәселесі өзекті.
Министрдің орынбасары жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласын тілге тиек етті. Шаһарда 38 дәрігерді үймен қамту мәселесін атап өтті. Кадрларды баспанамен қамту мәселесі Тасқала ауданында да бар.
Аудандық аурухананың қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрлан Мамбетов соңғы уақытта Тасқалаға жеті дәрігердің келгенін айтып, ақ халатты жандар қашан баспанамен қамтылатынын сұрады.
— Осы жылдың тоғыз айында ауданға жеті дәрігер маман келді. Олардың үшеуі бала тәрбиелеп отырған ата-ана. Ауданда қызметтік баспанамен қамту ісі өзекті. Жас мамандардың ауылдық жерде жұмыс істеп, көшіп келуі үшін берілетін үй мотивация болатынын білесіздер. Сол себепті осы сауалдың қалай шешілетінін айтып берсеңіз, — деді Нұрлан Мамбетов.
Вице-министр дәрігерлерді тұрғын үймен қамту ісіне жергілікті әкімдіктер жауапты деп тіл қатты.
— Республика деңгейінде біз қалай өз үлесімізді қосамыз? Біз кадр дайындаймыз. Сапалы түрде мысалы резидентура, бакалавриат, ординатура, докторға дейін бар. Жан-жақты деңгейлі маман дайындап береміз. Сосын заңнама жасаймыз. Заңнамада былтыр көктемде сәуір айында қол қойылды. Заң бойынша кредит жөнінде не 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлетін бір реттік төлем, сондай мүмкіндіктерді құрастырамыз. Жергілікті мәслихаттар қандай мамандар қажет тізімін белгілейді. Сол тізім бойынша жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз ету керек. Әрине, осы мәселе бір ғана Тасқала ауданының мәселесі ғана емес. Бүкіл Қазақстанның мәселесі. Жергілікті атқарушы органдардан миллиардтаған ақша беріліп жатыр,— деді денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов мамандарды баспанамен қамту мәселесі жергілікті әкімдіктердің міндеті екені, осы мәселені шешу үшін аудан әкімдерімен тығыз жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
—Тасқала ауданына жеті маман келді,- деді.Оны аудан әкімімен бірлесіп шешу біздің міндетіміз. Өздеріңіз білесіздер көп жағдайда аудандарға осы елдің түлегі, осы жерде үйі бар адам келуі мүмкін. Бірақ өзге өңірден немесе облысымыздың өзге ауданынан келген мамандарды үймен қамтамасыз ету міндетіміз. Сондықтан бұл уақытша қолайсыздық болар. Ауданның дербес бюджеті бар. Облыстан көмек болмаса, аудан бір өзі көтере алмайды. Биыл мамандарды тарту бойынша 183 маман келді. Бізде бұрын болмаған. 40-50 артық маман келмейтін еді. Біздер шұғыл түрде осы мәселені шешу керекпіз,-деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Вице-министрмен кездесуге келген Тасқала ауданының тұрғыны Жұмагелді Қыдыров сауалын жолдады. Аудан тұрғыны ДЦП (балалар церебалды параличі) сырқатымен ауыратын баласы үшін қажетті тегін берілетін дәрі-дәрмекті Ресейден сатып алатынын мәлімдеді. Бір жылдан бері емге шипа болатын «Баклосан» дәрісі берілмей келеді.
— Менің ДЦП ұлым бар. Невропотолог дәрігер «Баклосан» дәрісін тағайындады. Біздер бір жылдан бері тегін берілетін дәріні ала алмай, Ресейден сатып аламыз. Бір қорап дәрінің құны қымбат тұрады. Біз неге оны тегін алмаймыз? Мен Тасқала ауданында тіркелгенмін. Баксоланның өзі Оралда жоқ,— деді Тасқала ауданының тұрғыны Жұмагелді Қыдыров.
Тегін берілетін дәрінің тапшылығына «СК-фармация» мекемесінің мамандары жауап берді.
— «Баклосан» бойынша мәселе бар. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында дәріні өндіретін бір ғана мекеме тіркелген, «Польфарма» деген. Биыл бірнеше мәрте сатып алу ұйымдастырылды. Әлі де ұйымдастырып жатыр. Тасымалдаушылардан ұсыныс келіп түспегесін, дистрибьютордан дәріні сатып ала алмадық. Қазір дистрибьютордан айналып өтіп, «СК фармация» дәріні өндіретін зауытқа шығады деген шешім қабылданды. Дәріні сатып алу үшін келіссөздер жүргізілуде. Осындай мәселе туындамас үшін дәріні 25 пайызға көп сатып алу туралы шешім қабылданды,— деп хабарлады «СК-фармация» ЖШС БҚО филиалының басшысы Руслан Айдарханов.
Вице-министр дәрі тапшы деген тұрғынның сауалын шешуге ат салысып, бақылауда ұстайтынын хабарлады.
Бұдан бөлек, тұрғындар Тасқала ауданында тозығы жеткен медициналық мекемелердің жай-күйі, емханалардағы кезек мәселесін ортаға салды.
— Тасқалада 11 ВОП участок бар. Өткен жылы ВОП болған жоқ. ВОП болмаған жағдайда осындай мәселе болды. Осы жылы кезек мәселесі жоқ деп ойлаймын. Қазіргі таңда өзіңіз білесіз, ВОП-та жас мамандар. Оқу бітірген дәрігерлер екі аптаға оқуға барады. Сол уақытта мүмкін кезек болар,— деді Тасқала аудандық ауруханасының директоры Руслан Бралов.
Тасқала ауданына барған денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев Батыс Қазақстан облысында жаңа кардиологиялық орталықты салу мәселесіне де тоқталды. Өңір тұрғындары бірнеше жылдан бері жүрек- қантамырларын емдейтін орталық салуды сұрап жүр. Медициналық мекемеде орын тапшы. Науқас көп кезде тұрғындар дәлізде жатып, ем-дом қабылдайтыны жасырын емес.
— Жүрек - қантамыр ауруларымен ауыратын және қайтыс болатын адамдардың саны өте көп. Маңызды бір әлеуметтік аурулардың бір түрі. Бұл науқастарға дер кезінде сапалы қызмет көрсету біздің міндетіміз. Біз осы мәселені талқыладық. Қазір қажетті құжаттама процесі жүріп жатыр. біздің жоспар бойынша 2028 жылдан басталады деген болжам бар. Бірақ оны қазір нақты айту үшін бюджеттік кодекс бар. Сол кодекс бойынша рәсім бар. Рәсімдердің барлығын өткізіп, қай жылы кіретінін нақты айта алмаймын. Бұл мәселе біздің күн тәртібімізде бар. Мәселенің шешімін іздеп жатырмыз,— деп хабарлады денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев.



 
                             
										 
									 
            		 
            		 
                             
            		 
            		