Елімізде ұстаздардың жалақысы 100 пайызға көбейді
Елімізде 406 мыңнан астам педагог мектепте жұмыс істейді.

Елімізде мұғалімдердің еңбекақысы 100 пайызға көбейді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, 2020 жылдан бастап педагог мәртебесін көтеру саясаты шеңберінде мұғалімдердің жалақысы 100%-ға көбейген. Ал, 2023 жылы мектепке дейінгі тәрбиешілер мен техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне қосымша үстемеақылар, сондай-ақ біліктілік санаттары, еңбек өтілі, еңбек жағдайлары, академиялық дәрежесінің болуы және тәлімгерлік үшін қосымша ақылар енгізілді. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ұстаздардың жалақысы қаладағы жалақыдан кем дегенде 25%-ға жоғары. Биыл ел бойынша 11 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіпті. Білімін шыңдағандардың жартысынан көбі ауыл мұғалімдері екен.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап аттестаттау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының жаңа платформасы жұмысын бастады. Білім беру үдерісінде көптілділікті, инклюзивті оқытуды және бағалаудың басқа да түрлерін қосқанда, заманауи педагогикалық тәсілдер белсенді енгізілуде. Цифрландыруға көп көңіл бөлінуде: 1757 мектепте STARLINK спутниктік интернеті қосылған және барлық оқулықтар цифрландырылып, 11 цифрлық платформада қол жетімді.
Республикада педагогтерді аттестаттаудың автоматтандырылған жүйесі бар. Осылайша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына арналған «Ұстаз» ұлттық платформасын кезең-кезеңімен енгізу басталды. Бұл платформа аттестаттау үдерісін анағұрлым ашық етеді. Биыл платформа арқылы 150 мыңға жуық қазақстандық педагог аттестаттаудан өтеді.