Биыл елімізде 380 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Күні бүгінге дейін балалардың 84 пайызы білім ошағы қабылданыпты. 320 мыңнан астам баланың ата-анасы мектепке құжатын өткізіпті. Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық өрендердің 296 мыңнан астамы мемлекеттік білім беру мекемесінде оқиды, 23 мыңнан астам оқушы мекеменшік мектепте білім алатынын хабарлады.
Қалалық жерде оқитын бірінші сыныптың оқушылары көп. Олардың саны 191 мыңға жуықтайды. Қалғаны ауыл мен ауданда білім алмақ. Биыл ерекше білім беруді қажет ететін төрт мыңға жуық оқушы мектепке қабылданған.
– Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, тағы 2,5%-ға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің екі мыңнан астам баласы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді, – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Бірінші сыныпқа қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Ата-аналар аяқтай оқу ордасына барып немесе электронды үкімет арқылы құжат тапсыра алады. Өтініш берген жандардың 84 пайызы электронды форматты таңдапты.
Оқу-ағарту министрлігі ең көп бірінші сыныпқа баратын өңірлердің тізімін жасады. Түркістан облысы көш бастап тұр. Ер Түріктің бесігінде 50 мыңнан астам оқушы алғаш рет мектепке барады. Екінші орынға Алматы облысы жайғасты. Мұнда 35 мыңнан астам оқушы, Астанада 33 мыңнан астам бала, Алматы шаһарында 31 мыңнан астам өрен бірінші сыныпқа қабылданыпты.