Әлеуметтік төлемді алдап алып келген тұрғын артық ақшаны сот арқылы қайтармақ
Жұмысымнан айырылдым деп әлеуметтік төлем алған тұрғын қызметке тұрғанын жасырып, артық төленген әлеуметтік төлемді сот арқылы мемлекетке қайтарды.

Жамбыл облысында жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттен әлеуметтік төлем алып жүрген азаматтың сол уақытта жасырын түрде жұмыс істегені анықталды, — деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыстық соттың мәліметіне сәйкес, ер адам 2024 жылдың желтоқсанында өзін жұмыссыз ретінде тіркеп, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүгінген. Нәтижесінде оған алты айға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалыпты.
Алайда 2025 жылдың мамыр айынан бастап ол басқа мекемеде жұмысқа орналасып, бұл туралы тиісті органға хабарламапты. Соның салдарынан азамат 230 мың теңге көлемінде артық төлем алған.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры артық төленген соманы өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Жамбыл аудандық соты істі жеңілдетілген тәртіппен қарап, қордың талабын негізді деп таныды.
Сот шешімі бойынша азаматтан 230 мың теңге мемлекет пайдасына қайтарылуы тиіс.
Аталған шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.