Елімізде оқу жылы аяқталып келеді.Биыл Маңғыстау облысында 10030 түлек мектеп бітіреді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Әкімдік келтірген мәліметке сүйенсек, 367 оқушы «Алтын белгі», 635 бала «Үздік аттестат» алуға үмітті екен.
Биыл сегіз мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыруға шешім қабылдап, өтініш берген. Қазіргі таңда өңірде үш тест тапсыратын орталық жұмыс істейді.
– Біз үшін ең бастысы – балаларға сапалы білім беру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастырып, әрбір түлекке өз білімін толық көрсетуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуін қатаң бақылауда ұстаңыздар, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жалпы Маңғыстау облысында 737 білім беру мекемесі бар. Олардың қабырғасында 163 мыңнан астам бала оқиды.