Маңғыстауға 66 мың турист келген
Маңғыстау өлкесіне сапарлап келгендердің 6395-і шетелдік, қалғаны қазақстандықтар.
Маңғыстауға 2025 жылдың қаңтар мен наурыз айында 66 мың турист келген. Өңірге сапарлап келгендердің басым көпшілігі- қазақстандықтар. Биыл 519 мың турист келеді деп жоспарланды деп облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев мәлімдеді. Жыл соңына дейін аймаққа сапарлап келгендердің 89 мыңы шетелдік болуы мүмкін.
— Туристер негізінен Ресей, Қытай, Иран, Италия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Өзбекстан және АҚШ елдерінен келіп жатыр. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер 2029 жылға дейін екі есеге артады деп жоспарлануда. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста 108 орналастыру орны тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес пайызға өсім бар деген сөз, - деді Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев.
Республика бойынша Маңғыстау облысы туристерді қабылдау жағынан алтыншы орында, ал шетелдік туристерді тарту бойынша оныншы орында тұр. Өңірдің туристік аймағын дамыту үшін 2025–2029 жылдарға арналғанкешенді жоспары әзірленген. Кешенді жоспар тоғыз бағытты қамтиды.