Оңтүстік Корея билігі қазақстандықтарға ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат берді. Қазақстандықтар Кореяда шетелдік жұмыс күшін тартатын Employment Permit System (EPS) жүйесіне ресми түрде қабылданды.
Бұл шешім 2026 жылдың 14 тамызында Корея үкіметінің арнайы комитет отырысында мақұлданды. Осылайша, Қазақстан аталмыш жүйеге мүше болған 18-ші мемлекет атанды.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
EPS жүйесінің басты артықшылығы – азаматтарды іріктеу тек ресми мемлекеттік арналар арқылы жүзеге асады. Ешқандай жекелеген делдалдар мен көмекшілер бұл процеске араласа алмайды.
Үміткерлер ең алдымен корей тілінен арнайы тестілеуден (EPS-TOPIK) өтеді. Сонымен қатар кәсіби біліктілік бағалауы мен міндетті медициналық тексеруден сүрінбей өту талап етіледі.
Кореяға қашан баруға болады?
Қазақстандық жұмысшыларды Кореяға жіберу процесі 2028 жылдан басталады деп жоспарланған. Бұл уақытқа дейін елімізде ресми арнайы орталықтар ашылып, өзара меморандумдарға қол қойылуы тиіс.
Әзірге министрлік азаматтарға ескерту жасап отыр. Ресми іске қосылу кезеңіне дейін тез арада жұмысқа орналастыруды ұсынатын алаяқтарға алданбау маңызды.
Employment Permit System (EPS) – Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін реттелген тәртіппен тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Осы жүйе аясында шетел азаматтары Корея Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген талаптарға сәйкес жұмысқа орналаса алады.