Оралда әлі үш мыңнан астам абонент жарықсыз отыр. Электр энергиясы шаһардың орталығында, № 1 емхана мен Юбиляр ауданында жоқ. Тайманов, Карев пен Дәулеткерей көшесінің тұрғындары жарықтың кешкі сағат 18.30-да ажыратылғанын хабарлады. Осы уақытқа дейін жарық қосылмапты. Тұрғындар тиісті мекемеге хабарласса, әлі авариялық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан. Бірақ электр энергиясының нақты қай уақытта іске қосылатыны туралы жақ ашпапты.
—РП-4, №15 ұяшығында электр энергиясының авариялық түрде сөнгенін хабарлаймыз. Жарық сөнуінің негізгі себебі: РП-15 электр желілеріндегі авариялық жағдай.Қосымша техникалық қиындықтар туындамаған жағдайда, электрмен жабдықтауды шамамен 2,5–3 сағат ішінде қалпына келтіру жоспарлануда. Апаттық-жөндеу бригадасы оқиға орнына аттанды. Авариялық сөну салдарынан 3070 абонент электр қуатынсыз қалды. Оның ішінде: №1 емхана ауданы және «Юбиляр» дүкені, – деп хабарлады Орал қаласының әкімдігі.
Шаһар әкімдігі бұған дейін жарықсыз отырған Қонаев шағын ауданы мен өзге аудандарда да электр қуатының іске қосылғанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Оралда аптап ыстықта 1600-ден астам абонент жарықсыз қалған еді. Тұрғындар шілденің шіліңгір ыстығында жарықсыз, сусыз отырмыз деп шағымданды. Олар тоңазтқыштағы азық-түлікті де бұзылып кеткенін тілге тиек етті.