Оралда табиғат жанашырлары терек екті. Олар саябақта 50 түп үйеңкі ағашын отырғызды. Үйеңкінің табиғатта 100-ден астам түрі бар. Саябақта бұрын-соңды болмаған Канадалық үйеңкі егілді.
-Бүгін Канадалық үйеңкіні отырғызып жатырмыз. Оның жапырағы бес тармақты болады. Платон ағашының жапырағы ұқсайды. Канадалық үйеңкінің өсетін негізі Кавказ, Еуропада көп кездеседі. Елімізде Шығыс Қазақстанда көп өседі. Шығыста үйеңкінің Совдей деген түрі өседі. Біздің қалада бұл үйеңкінің түрі отырғызылған жоқ. Неге десеңіз? Бұл ағаш күтімді жақсы көреді. Еңбегім зая кетпесін деп былтыр күзде қала әкіміне ұсыныс жасаған едім. Бірақ ол кезде қар мен жаңбыр жауды. Уақыт өтіп кетті. Сосын мен тал-теректі шарбақта көміп, ұстадым, -деді тәуелсіз сарапшы Лұқпан Өтебалиев.
Биыл Оралда 5500 түп ағаш егілмек. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Байменов мәлімдеді. Шаһар басшысы облыс орталығында өсіп тұрған теректердің жағдайын зерттеп, зерделеу үшін арнайы дендраплан жасақталатынын хабарлады.
-Биылғы жылы қаламызда терек егу жұмыстары жалғасын табады. Біздер биыл денралан деген жұмысқа тапсырыс беріп жатырмыз. Себебі шаһарымызда 50,60,70-ші жылдары отырғызылған ағаштар бар. Көпшілігі ескірді. Жаздыкүні қатты жел болған кезде кейбір теректер құлап жатқан орындар бар. Сол себепті осы жұмысты жыл соңына дейін аяқтап, жылың аяғында қолымызда құжат болады. Сол құжат арқылы қай теректерді алып тастау керек, қандай ағаш егу керектігін де айтып береді. Себебі бізде қыста аяз, қатты жел болады. Қыста 35-40 градус суық болады. Биыл 5500 терек егіп жоспарымызда бар. Оны егіп шығарамыз, -деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.
Биыл егілетін тал-теректің үш мыңы көктемде отырғызылмақ. Қалғаны күзде егіледі деп жоспарлануда.
Былтыр Орал қаласында 24 мың түп ағаш отырғызылды.