Елімізде жаңа оқу жылы басталды. Биыл Орал қаласында 6100 оқушы алғаш мектеп табалдырығын аттады. Облыс орталығында жалпы 55 оқу ошағы жұмыс істейді. Олардың қабырғасында 65 мыңнан астам бала білім алады.
Білім күніне арналған салтанатты іс-шара барлық мектепте ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараларда алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер сап түзеп, бірінші рет көпшілік алдында өлең оқып, жақсы оқимыз деп уәде беруде.
Оқушыларға арналған іс-шараның бірі- Мұстақым Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Оқу ошағында 530 бала білім алады. Биыл 48 өрен бірінші сыныпқа қабылданыпты. Оқушыларға 50 педагог сабақ береді.
— Биылғы оқу жылының өзіндік ерекшелігімен бастап қозғайтын болсақ, қоғамдағы саяси жағдайлар тұспа-тұс сәйкес келеді. Кез-келген елдің саясаты, елдің түрлі бастамалары барлығы да мектептен айналып өтпейді. Кез-келген үлкен істің әліппесі, бастауы деп айтайын осы мектептен басталады. Мысалға қоғамды жайлаған қауіпсіздік биыл жаңаша қауіпсіздік сағаттарын қосып жатыр. Оған мектебіміздің бүкіл педагогін жұмылдырып, үлкен істі бастап жатырмыз, – деді мектеп директоры Ерік Темірғалиев.
Білім күніне арналған салтанатты іс-шарада ата-аналардың қарасы қалың. Олар мектеп табалдырығын енді аттаған балалары үшін қобалжып тұрғанын көруге болады. Сондай жанның бірі —Ұлболсын Омарова.
— Осы мектеп екі балам оқиды. Қызым 1А сыныбына барып жатыр. Өте қуаныштымын. Бірінші сынып жақсы ғой, білім жолы жақсы болса, алып кетеді. Өте жақсы мектеп, білімді жақсы береді. Мұғалімдері де білімді, – дейді Ұлболсын Омарова.
Жаңа оқу жылы оқушылар мен ұстаздар үшін жаңалыққа толы болмақ. Биылдан бастап жас өрендер жасанды интеллектің қыр-сырын бастауыш сыныптан үйренеді.