Оқу жылы қарсаңында Теректі ауданына қарасты Магистральный мектебінің ғимараты жөндеуге жабылды. Теректі ауданы білім беру бөлімінің басшысы Индира Амертаева: «Ескі мектепте әжетхана істемедіктен, одан бас тартып, оқушыларды тасымалдауды таңдадық»,– дейді. 20 оқушы Пойма, 80 оқушы Ақсуат ауылында тасымалмен оқымақ. Жөндеу жұмыстары үш жұмаға жалғаспақ.
— Кеше жұмысшылар мектепті қарап кетті. Құралдарын алып жатқан шығар. Олар үш аптада жөндеп береміз,- деді. Былтыр жарықтар көбейгенде үш кабинетті оңдап кетті. Қалғандарында жарық ондай болмады. Биыл басқа кабинеттен жарықтар шығып жатыр. Үш кабинет тұр, солай қозғалмай. Енді соның барлығын демонтаж жасап береміз, деп айтты,— дейді Теректі ауданы білім беру бөлімінің басшысы.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысының сөзіне сенсек, мектептің қабырғасында жарықтар маусымның аяғында анықталған. Педагогтер облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына хат жазыпты. Басқарманың мамандары тексеріс жүргізіп, мән-жайға қаныққан көрінеді.
Мектепті салған компанияның кепілдік мерзімі де аяқталған. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып жатырған көрінеді.
Магистральный мектебі 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. 2024 жылдан бастап мектептің қабырғасында жарықтар пайда болған. Өткен жылы оқу ошағы бірінші тоқсаннан соң қайта жөндеуге жабылды.
— 2024 жылдың соңынан бастап мектептің ішкі бөлмеаралық қабырғаларында жарықтар пайда болып, кепілдік мерзімі аясында мердігер ұйымға бірнеше рет ескерту берілген. 2025 жылғы 23 қазанда жарықтардың ұлғаюына байланысты бір бөлгіш қабырға құлап, оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі мақсатында мектеп уақытша жабылған. 2025 жылғы 31 қазанда жүргізілген техникалық зерттеу барысында құрылыс ақаулары анықталып, оларды толық жою жөнінде ұсыныстар берілген. Алайда мердігер «КА-СТРОЙ LTD» ЖШС жұмыстарды толық орындамаған, – деп хабарлады Теректі ауданы білім беру бөлімі.
Жөндеуден көз ашпаған 108 орындық жаңа мектепте 100 оқушы білім алады. Балаларға 43 педагог сабақ береді.