Оралда тоғыз көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жаңа қоныс "Ақжайық" шағын ауданында бой түзейді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік таратқан ақпарға сүйенсек, жаңа шағын ауданда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін 14 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қонысын күтіп жүрген жандарға 1400 пәтер берілмек. Қазіргі таңда сегіз құрылыс компаниясы жұмысқа кіріскен. Биыл құрылысшылар 684 пәтерді пайдалануға тапсырмақ.
Бес қабатты тұрғын үйлер заманауи үлгіде салынып, сыртқы қасбеті фиброцементтік панельдермен қапталады. Шағын ауданда инженерлік желілер толық тартылған.
Құрылыстың қарқынымен танысқан аймақ басшысы құрылысшылармен тілдесіпті.
- Жаңа шағынаудандағы бұл үйлер қаламыздың көркіне көрік қосады. Тұрғындарға жайлы жағдай жасау - сіз бен біздің басты міндетіміз, - деді Нариман Төреғалиев.
Облыстық әкімдік "Ақжайық" шағын ауданында 60 әлеуметтік нысан бой көтереді деп мәлімдеді. Шағын ауданда 70 көпқабатты тұрғын үй, төрт балабақша, үш мектеп, аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың орындық стадион салу жоспарланған.