Оралда абаттандыру мен көгалдандыру үшін 400 млн теңге бөлінді
Бюджет қаражатының 100 млн теңгесі гүл отырғызуға арналса, қалғаны тал егуге бағытталған.

Биыл Орал қаласында абаттандыру мен көгалдандыру үшін 400 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қыруар қаржының 100 миллионы гүл отырғызуға арналған.
Қалған ақша тал егуге жұмсалмақ. Қаланың тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «2025-2026 жылдарға Орал қаласының көпжылдық және біржылдық жасыл көшеттерін ағымдағы күтіп ұстау» үшін конкурс жариялапты.
Осы жұмысты орындау үшін қазынадан 1,1 миллиард теңге бөлінбек. Қазіргі таңда тендерді «Нұртем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып, жұмысқа кірісіпті.
Жалпы облыс орталығының аумағында 44 гүлзар бар. Оның жалпы аумағы 28 000 шаршы метрді құрайды.Бір жылдық гүлдер 4869 шаршы метрді аумақты алып жатыр. Қалғаны көп жылдық гүлдерге арналған.
Биыл Орал шаһарында 50 000 шаршы метрге газон егу жоспарланыпты. Көк шөпті суару үшін автоматтандырылған суару жүйесі орнатылмақ. Көк кілемдер Гагарин көшесінен Сырым Датов көшесінің оң жақ бұрылысында, Әбілқайыр көшесімен Сырым Датов көшесінің оң бұрылысы, Абай көшесімен Әйтиев көшесінің оң бұрылысында, Абай даңғылының жол жиегінде, Гагарин көшесінің жол жиегінде, Сырым Датов көшесінің жол жиегіне, Әбілқайыр хан көшесінің жол жиегіне Құрманғазы көшесінің жол жиегінде төселмек.
Облыс орталығында биыл 15 мыңнан астам тал егу жоспарланыпты. Әкімдік қала климатына бейімделген ағаш отырғылғанын хабарлады. Қарағай, шырша, терек, ақ қайың, бөртегүл, шетен, талшын, жөке мен күл шаһардың көркін келтірмек. Бұдан өзге жол жиектеріне бұталы арша қарағаш,ырғай, кизильник, житняк сынды бұталардан тұратын «жасыл қоршаулар» (живая изгородь) отырғызылуда.
Бүгінгі таңда С.Датов, Гагарин көшесі мен Н.Назарбаев даңғылы және Абай көшесіне 10 000 түп жасыл қоршау (қарағаш) егілді. Сонымен қатар, тұрғындар арнайы ұйымдастырылған сауда-саттық арқылы көшеттер сатып алып, өз аулаларына 5 000 түп тал еккен.