Оралда Астана күніне орай мерекелік велошеру өтеді. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, шеру алтыншы шілдеде таңғы сағат 9:30-да Жеңіс алаңынан басталмақ. Велосипедшілер Жеңіс алаңы (Стелла) – Пугачев көшесі – Жәңгір хан көшесі – №30 мектеп аялдамасының айналым жолы – Жәңгір хан көшесі – Жеңіс алаңы (Стелла) маршруты бойынша жүріп өтпек.
— Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтырумен және велосипед спортымен тұрақты айналысуға ынталандыру, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен сергектік рухын нығайту, - дейді Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Мерекелік велошеру 12 шақырымды құрайды. Оған кез-келген тұрғын қатыса алады. Ұйымдастырушылар жас ерекшелігіне шектеу қоймайды екен. Іс-шара аясында келесі номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталады:
- Ең жас қатысушы;
- Спорттық жанұя;
- Спорттық ұжым;
- Қазыналы ақсақал.