Оралда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 32 жұмыс беруші қатысты. Олар 192 бос қызмет ұсынды.

- Бұл- биыл ұйымдастырылған екінші жәрмеңке. Іс-шара мүгедектігі бар жандарға, пробация қызметінің есебінде тұрған жандар мен жастар үшін ұйымдастырылды. Жастар келешекте жоғары оқу орындарынан дипломдарын алып шығады.Оларға ұсынатын бағдарламаларымыз бар, -деді Орал қаласының «Мансап» орталығының жұмыс берушілер секторы бөлімшесінің басшысы Сағира Бимұхамбетова.

Жәрмеңкеде облыстық жастар ресурстық орталығы қаладан бөлек ауылдық жерде орналасқан 370 бос жұмыс орны ұсынды.

Бос жұмыс ұсынған мекемелердің қатарында білім беру, мемлекеттік мекемелер, полиция, зауыттар болды. Оларға мұғалімдер, сату менеджерлері, қойма қызметкерлері, жүргізушілер керек. Әрбір мекеменің жұмысшыларға қоятын талабы әртүрлі.

Мәселен, үй сатумен шұғылданатын компания риэлторлық қызметті ұсынды. Халықаралық компания Оралда қызметін жақында бастапты. Оларға сату менеджері мен риэлтор қажет. Олар қызығушылық білдірген жандар көп дейді.

- Мұндай жәрмеңкеге бірінші рет қатысып отырмыз. Жұмысқа қызыққан жандар көп. Ең басты талап адамдармен коммуникация орната алу керек. Біздің жұмыста үйді көп сатқан адам пайдаға кенеледі. Тіпті айына бір миллион теңге жалақы алатын мамандарымыз бар. Компания өз есебінен жаңадан жұмысқа орналасқан адамдарға жұмыс барысын үйретіп, бағыттайды, -дейді компанияның қызметкері Аспет Ахатова.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан жандардың басым көпшілігі жастар болды. Олар мұндай іс-шаралар арқылы қызметке орналасуға септігін тигізеді деп есептейді.

- Мен төртінші психолог мамандығында оқимын. Жоғары оқу орындарын бітірген жастарға мұндай жәрмеңкелердің пайдасы мол деп ойлаймын. Қазір еңбек нарығында жұмысқа орналасудың өзі қиын. Жұмыс туралы ақпаратты барып білу керек немесе таныстарыңынан сұрайсың. Алайда көбінде қызметке орналастыратын таныс болмайды, -дейді студент Полина Абдрахманова.

Сала мамандары Оралда жыл соңына дейін 8-9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін хабарлады. Өткен жылы облыс орталығында 11 жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Оның біреуі онлайн өткен.