Оралда ХІІ азаматтық форум өтті
Облыс орталығында азаматтық қоғам өкілдері бас қосып, түйіткі мәселелерді ортаға салды.
Орал қаласында «Қоғамның үні: еңбек адамы және аймақтық даму» атты азаматтық форум ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ляззат Шыңғысбаева, «Қазақстан азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева, облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай мен аймақтық азаматтық қоғамды қалыптастырып жүрген белсенділер мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.
Батыс Қазақстан облысының азаматтық секторында жеті саяси партиялардың филиалы, 53 этномәдени орталық, 670 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 478 қоғамдық бірлестік, 135 қоғамдық қор, 32 заңды тұлғалар бірлестігі, 15 кәсіподақ, 51 жастар қоғамдық ұйымы бар.
— Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді» - деген сөзі осыған дәлел. Азаматтық қоғам институттарының маңызды стратегиялық серіктес екеніне бүгінгі форум аясында да тағы бір мәрте көз жеткіздік. Облыста қоғамдық бірлестіктерді ұйыстыратын Азаматтық альянсы жұмыс істейді. Жалпы облыс бойын 46 консультативтік - кеңесші органдарының құрамында - 60% азаматтық сектор. Олардың азаматтық бастамаларын қолдау мақсатында, 2025 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 17 мемлекеттік органмен 160 жоба жүзеге асырылуда. Төрт облыстық басқарма, 12 аудандық және қалалық әкімдік, - дейді облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Азаматтық форумға қатысқан қоғамдық бірлестік өкілдері толғандырған мәселелерін ортаға салды. «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Батыс Қазақстан облысының азаматтық альянсы қауымдастығының атқарушы директоры Аида Мектепқалиева Ақжайық өлкесінде қоғамдық бірлестіктер тұрақты бас қосатын арнайы орталықтың жоқ екенін ашып айтты. Ол Қостанай қаласын мысалға келдірді. Астықтың Отанында қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер үшін бір ғимаратты 30 жылға сенімгерлік басқаруға берген. Мұндай қадам өңірде қоғамдық бірлестіктердің санын арттырып, олардың сапалы әрі тұрақты жұмыс істеуіне мұрындық болар еді, -дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі. Қазіргі таңда облыста 600-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ белсенді әрі тұрақты жұмыс істейтіндердің саны 100-ден аспайды екен. Ол бұл мәселенің қыр-сырына тоқталды.
— Қазіргі таңда бізде үкіметтік емес ұйымдарды ашу оңай болғанымен, қызметін тоқтатып, жабу қиын. Ең бірінші мәселе - сол процессті жеңілдету керек. Үкіметтік емес ұйымдарын ашып жатқан белсенді азаматтардың саны азайып бара жатыр. Тіпті, өңірімізде жастар қоғамдық бірлестігінің саны азайып қалды. Мысалы 15 жыл бұрын уақытпен салыстырғанда 20 мен 30 аралығында жастар қаншама үкіметтік емес ұйымдарды басқарды. Қазір бұл үрдіс сиреп кетті, - дейді «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиева.
Үкіметтік емес ұйымның өкілі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің жұмысына да тоқталды. 2025 жылдың қаңтарынан бастап конкурсты қарау мен жариялау уақыты қысқарды. Бірақ заңнаманың осал тұсы да жоқ емес.
— Бұрында конкурсқа қатысқан кезде басқармалардың бағалау бойынша біз келіспей арыздансақ, оны ішкі мемлекеттік аудит департаменті қарайтын еді. Биылдан осы арызды қайтадан бағалаған басқарма қарайды. Бұл конфликт интересов. Сондай-ақ бұл шешім жемқорлық дейгейін күшейтеді. Конкурс ұйымдастырған басқармаға арыз жазсақ, қате жасадым деп түзетпейді. Егер бұл шешіммен келіспесең, сотқа жүгінесің. Ол кезде уақытты көп жоғалтамыз. Мысалы, біздер Орал қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығымен соттастық. Сот процесі төрт айға созылды. Ақпанда алатын жобаны маусым айында алдым. Мекеме басқа өңірге беріп қойды. Мен Ақтөбеден келгендерден сот арқылы ұтып алдым, - дейді Аида Мектепқалиева.
Форумда бұдан бөлек әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін шекара қою керек деген ұсыныс айтылды. Азаматтық қоғам белсенділері өзге өңірден конкурсты ұтып алатындар аймақтың мәселесін жіті білмейді деп ойларын ортаға салды.
Азаматтық форум әрбір аймақта екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Қоғам белсенділерінің көтерген мәселесі жинақталып, қазан айында өтетін республикалық форумда талқыланбақ.
Медет Медресовтың фотосы