Оралда мемлеке есебінен жалға берілген үйлерді тексеріп жатыр. Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары, полиция қызметкерлері мен мәслихат депутаттары арнайы рейдке шығыпты. Олар баспаналарды тексеріп жатыр.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің таратқан ақпаратына сүйенсек, сот шешімімен екі тұрғын жалдамалы пәтерінен шығарылған. Олар Мұрат Мөңкеұлы, 85/6 мекенжайы мен Қамбар батыр, 6 мекенжайында орналасқан үйде тұрған.

Сала мамандары жалдамалы пәтердің 11 тұрғынына ресми хабарлама жіберген. Хабарлама алғандардың алтауы жарты жылға дейін баспананың ақысын төлемепті. Бір тұрғын пәтер ақысын төлемей, үйде тұрудың ережесін бірнеше мәрте бұзған. Ал, бір тұрғын бөгде адамдарға жалдамалы қонысын жалға беріп, алты айдай пәтер ақысын төлемепті.

Сала мамандары тұрғындарға жалдамалы пәтердің ақысын уақытылы төлеуге, үйді бөгде адамдарға бермеу керектігін еске салады.

Бүгінгі таңда Орал қаласы бойынша 1429 жалдамалы пәтер бар. 590 баспананың тұрғындары үш айдан астам баспананың құнын төлемепті. Бұл жалпы тұрғындардың 40 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда жалдамалы пәтердің тұрғындарының қарызы 16 миллион теңгеден асып жығылады.