Өткен жылдың тамызында Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа ғимарат мүгедектігі бар жандардың кәсіби тұрғыда спортпен айнылысуына жол ашты. Бүгінгі таңда спорт клубында 226 спортшы жаттығады. Соның бірі жас спортшы — Азамат Ермұхан.
– Мен екі жыл бұрын көзіме байланысты пара дзюдоға ауыстым. Дзюдо мен пара дзюдоның айырмашылығы көп. Қазіргі таңда пара дзюдодан Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын. Салмақ қуып, диета ұстаймыз, әдістерді қайталаймын. Жаңа ғимарат спортпен шұғылдануға, жаттығу жасауға ыңғайлы, –дейді Азамат Ермұхан.
Жас балуандар өңір намысын ел додасында қорғау үшін дайындалып жатыр. Олар арнайы жабдықталған алаңда жаттығуда. Пара дзюдошылар секілді сурдо бадминтонмен 40 шақты спортшы айналысады. Олар ересектер, жастар және жасөспірімдер деп топқа бөлінеді. Сурдо бадминтонмен айналысатын батысқазақстандық спортшылар ел чемпионаттарында үздік үштікке ілігіп, екінші орынды қанжығалап жүр.
– Біздер 2019 жылы бадминтонды бастадық. Қазақстан Республикасының чемпионатынан жүлделі орындарымыз бар. Күні кеше өткен төрт жылда бір болатын сурдо Олимпиадаға қатысып, Жапонияның Токио қаласына барып келдік. Спортшы қызымыз Салима Бақытова үміткер болып қатысты. (...) Осы жаттығу залында кестеге байланысты жаттығамыз. Қазір он спортшы жаттығуда. Аптасына бес күн жаттығу жасаймыз. Екі күн осы залда, қалған жаттығуларды «Энергия» бадминтон залында өткіземіз, – деді сурдо бадминтон жаттықтырушысы Жоламан Ақкушиев.
Сурдо бадминтоншылармен бірге спорт кешенінде спортшылар пара волейбол ойнайды. Спортшылар облыстық құрама сабында өнер көрсетеді.
Өңірде пара волейболдың дамуы жайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, волейболдан спорт шебері Азон Шаймардановтан сұрап білдік. Тәжірибелі бапкер аймақтағы ахуалды былай деп баяндады.
– Қазіргі таңда пара волейбол Қазақстанның 14 өңірінде бар. Өткен жылы ел құрамасы Парижде өткен Олимпиадада ойнап, үздік бестіктің қатарынан табылды. Лизенция алып, өнер көрсетті. Батыс Қазақстан облысында 2018 жылдан бері ардагер спортшылар арасында пара волейболдан чемпионат ұйымдастырамыз. Оныншы мәрте өтті. Мұндай жарыстар әлемде ұйымдастырылмайды. Пара волейбол- командалық спорт. Оны ұжыммен ойнайсың, -дейді Азон Шаймарданов.
Қазіргі таңда спортшылар ұзындығы он метр, ені алты метр алаңда ойнайды. Пара волейболда алты спортшы өнер көрсетеді. Класикалық волейболдың барлық дерлік ережесіне сай. Бірақ өзіндік ерешеліктері де аз емес.
Сейсенбі мен бейсенді күндері спорт кешенінде параволейболшылармен бірге бапкерлер, студенттер, қала тұрғындары мен қоғам белсенділері бірге ойнайды. Аптаның екі күнінде «Ойын күні» атты тәжірибе енгізілген. Кез-келген тұрғын келіп спортшылармен пара волейбол ойнай алады.
– Батыс Қазақстан облысының құрамасында 12 адам бар. Резервта он шақты спортшымыз жасақталды. (...)Біздерде жаттығуға ауданнан келетін жандар бар. Спортшылардың жаттығуға келуі ауа райына байланысты. Аязды күні көп келмейді. Қазіргі таңда бір-екі қыз бала параволейбол ойнауға келіп жүр. (...) Осы жылдан бастап барлық топтағы мүгедек адамдар параволейбол ойнауға болады. Тіпті сау адамдарға да пара волейбол ойнауға болады, - дейді Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Азон Нұрмұханұлы.
Мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдану үшін салынған ғимараттың жалпы ауданы 2025 шаршы метрді құрайды. Мұнда арнайы пандустер, кең есіктер мен қол тірейтін тұтқалар орнатылған. Бұл мүгедектігі бар жандардың ғимаратта емін-еркін әрі қауіпсіз қозғалысына мұрындық болады.
Спорт кешенінде арнайы медициналық кабинет жасақталған. Денсаулығы сыр берген спортшыға алғашқы медициналық көмегі және жаттығудан соң массаж да жасалады екен.
– Қазіргі таңда спорт клубында 45 адам әкімшілікпен қосқанда еңбек етеді. 20 жаттықтырушы-оқушысы жұмыс істейді. 16 спорт түрінен 74 спортшымыз Қазақстан құрама командаға кіреді. Жыл сайын спортпен шұғылданатын жандардың саны 20-30 адамға артып келеді. Біздер спортшыларды бірден алмаймыз. Әуелі үш айдай бақылап, бағыт-бағдар береміз. Кейін келген спортшыға таңдаған спорт түрі ұнап, оған диагнозы сәйкес келсе, оның құжаттарын рәсімдейміз. Әр спорт түрлі классификацияға бөлінеді. Мысалы, 20 адам спортпен кәсіби тұрғыда айналысу үшін келсе, оның тек оны ғана ойынның талаптарына сәйкес келуі мүмкін. Біздер жарысқа апарамыз, классификацияға сәйкес келмейтін адамды жарысқа жібермейді, – дейді Батыс Қазақстан облысының мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған клубының директоры Қайырбек Оңдағанов.
Мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубы жаңа ғимаратта көптеген спорттық сайысты ұйымдастыруды көздеп отыр.
2026 жылы спорт клубында пара голбол мен пара каратэні ашуды жоспарланып отыр.
Мүгедектігі бар жандардың кәсіби спортпен шұғылданып, жарыстарға дайындайтын орталық Орал қаласы Темір Масин көшесі 65Б мекенжайында орналасқан.