Оралда сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинар өтті
Орал қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлерге арналған семинар-тимбилдинг ұйымдастырылды.

Облыс орталығында жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған семинар-тимбилдинг өтті. Іс-шара қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтын мамандарға арналған.
Семинарда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов, президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директоры Лаула Нарушева мен және осы академиясының психологы Светлана Кужбанова дәріс оқыды.
— Орал қаласы әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қолдауымен мемлекеттік қызметшілердің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты-қызметкерлердің арасында жемқорлықты болдырмау. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты да осы жемқорлықтың алдын алу, онымен күресуге арналған, - дейді Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ерасыл Галимов.
Мемлекеттік қызметкерлер бас қосқан жиында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол Антикор қызметінің басым көпшілігі жемқорлықтың алдын алуға арналғанын тілге тиек етті.
— Өткен жылдан бері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында мобильді топтар қала және аудан орталықтарына 31 рет шығып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 6123 тұрғынға консультациялық көмек көрсетті. Мұндай шаралар шалғай аудандардың тұрғындары үшін өте маңызды, себебі олардың өтініштері мен шағымдары көбіне орталыққа жетпей жатады. Мобильді топтар аудандардағы әлеуметтік жағдайды талдап, кейбір мәселелерді жедел шешуге көмектеседі.Өздеріңізге белгілі, «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында» негізгі 6 міндеті айқындалған. Тұжырымдамада негізсіз баю және «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік енгізу, сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, параға ұсыныстарды, уәделерді криминализациялау мәселелері қарастырылған, - деді Мұратбек Қасымов.
Мұратбек Қасымов мемлекеттік қызметшілердің бірқатар заң бұзушылықтарға жол беретінін хабарлады. Әсіресе, жұмысқа қабылдар тұста, салғырттық жібереді екен. Декларация тапсырмаған тұлғаларды қызметке қабылдайды екен. Биыл бес лауазымды тұлға әкімшілік жауапкерлікке тартылған. Әкімшілік кодекстің 680 бабы бойынша Теректі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Жәнібек және Жаңақала ауылдық округ әкімдері жауапкершілікке тартылып, әрқайсысы қысқартылған тәртіппен 184 600 теңге сомасына айыппұл төлеген.
Сондай-ақ статистика департаментінің бас маманы жеке кәсіпкерден электронды түрде есеп қабылдайды. Алайда екі рет есебі дұрыс болмай кері қайтарған. Үшінші мәрте есеп жіберген кәсіпкердің есепшісі маманның Каспий нөміріне 3000 теңгені "алғыс" ретінде аударған. Кінәлі лауазымды тұлға 369 200 теңге айыппұл арқалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің келтірген ақпарына сүйенсек, өткен жылы облыс аумағында 51 қылмыстық іс тіркелген. Тіркелген қылмыстың тең жартысы пара беру, 15 жағдайда лауазымын асыра пайдаланған және сегіз дерек ақша жымқыру мен алаяқтық екен. Жалпы 56 жемқорлық қылмысы тергеліп, оның 35 сотқа жолданған. 20 тұлға жемқорлық қылмысы бойынша сотталыпты. Сотталғандардың 12-сі бас бостандығынан айырылған. Сегіз сотталғандар жалпы 10 миллион 600 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Сотталғандардың төртеуі әкімдік қызметкері, төрт полиция қызметкері, екі мемлекеттік кірістер мекемесінің қызметкері екен. Он жеке тұлға, пара бергені үшін жауапқа тартылды.