Оралда 16 мамырда жасөспірім суға батып кетті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Төтеншеліктер таратқан ақпаратқа сүйенсек, марқұм «Телеорталық» аумағында Шаған өзені жағасында суға құлап, батып кеткен.

-Құтқарушылар кәмелетке толмағанның денесін судан іздеп тауып, алып шықты, -деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Жасөспірімнің суға құлап, оны іздестіру жұмыстары жүргізіп жатқаны туралы хабарламаны қала мұғалімдері ата-аналар чатына жіберген. Хабарламада баланы көзден таса қылмай, су айдындарына жалғыз жібермеу керектігі мен бөтен адамдармен серуендеуге рұқсат бермеу керектігі айтылған.

Облыстық білім басқармасынан балалардың қауіпсіздігін қамту туралы сұрадық. Жауаптылар жазғы шомылу маусымына орай арнайы жинақталар жасақталғанын хабарлады. Жинақталған материалда балалардың суда өзін-өзі ұстауы мен қауіпсіздік ережелері жазылған екен.

-Мектептерде оқушылар арасында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сынып сағаттары, профилактикалық әңгімелер, нұсқамалар және қауіпсіздік сабақтары өткізіліп, оқушыларға, тек арнайы белгіленген және рұқсат етілген орындарда ғана шомылу, тереңдігі белгісіз суға түспеу, жалғыз суға бармау, су айдындарында қауіпті ойындар ұйымдастырмау, құтқару құралдарын пайдалану, төтенше жағдай кезінде үлкендерге немесе құтқару қызметіне жедел хабарлау қажеттілігі түсіндірілді, -деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.