Қазақстанда ЖИ технологияларын мектеп тәжірибесіне енгізудің әдістемелік негіздері бекітілді.Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Тиісті талаптарды Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген.

-Әдістемені әзірлеудегі басты ұстаным жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды деген қағида. Жасанды интеллект тек сабақ дайындауға, материалды бейімдеуге, талдау жасауға көмектесетін құрал ретінде қарастырылады. Оқушыны бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады. Білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді. Сондықтан жасанды интеллект дайындаған кез келген материал мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс, - деп хабарлайды министрлік.

Құжат цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән береді. Оның ішінде оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге болмайды. Сабақта қолданылатын платформалар заңнамалық талапқа сай болуы керек. Сонымен қатар, академиялық адалдықты сақтауға ерекше мән беріледі. Оқушылар ЖИ арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды, мұғалімдер қажет болған жағдайда тапсырманы қайта бере алады.

-Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach, Google Lens және өзге де сервистерді сабақта қолданудың дайын алгоритмдері мен сценарийлері берілген. Бұл мұғалімнің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.

Әдістемелік ұсыным Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында қолжетімді. Оны педагогтер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, оқушылар пайдалана алады.