«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жамбыл облысындағы Шатыркөл-Жайсаң кластерінің кәсіпорындарына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында компания басшысы «Жайсаң» және «Шатыркөл» кеніштерінің жұмысымен танысып, Шатыркөл байыту фабрикасын аралады. Сонымен қатар вахталық кенттегі жұмысшылардың тұрмыс жағдайымен танысып, тамақтандырудың ұйымдастырылуын тексерді.
Бүгінде Шатыркөл-Жайсаң кластеріне «Шатыркөл» кеніші және Шатыркөл байыту фабрикасы кіреді. Ол өңір экономикасына елеулі үлес қосып отырған компанияның аса маңызды өндірістік нысандарының бірі болып табылады.
Сапар барысында Шатыркөл байыту фабрикасын одан әрі пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттық міндеттемелердің аяқталуына байланысты кәсіпорынды одан әрі басқару тікелей «Қазақмыс» корпорациясы арқылы жүзеге асырылады
Компания фабриканың жабдықтарын пайдалану және өндірістік қызметін қамтамасыз етуге тартылған қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға дайын екенін растады.
Жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлердің жағдайы бұрынғыдан төмендемейді. Жалақы, өтемақы және ынталандыру төлемдері, вахталық жұмыс тәртібі, тұрмыстық жағдай және тамақтану шарты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және еңбек шартында көзделген барлық кепілдіктер сақталады
– Бүгінде Шатыркөл фабрикасында еңбек етіп жүрген кәсіби ұжымды сақтау біз үшін аса маңызды. Бұл мамандар кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне қажетті тәжірибе мен білімге ие. Біз жұмыскерлердің жалақы деңгейін, әлеуметтік кепілдіктерді, вахталық кенттегі тұрмыс жағдайын және жұмыс тәртібін сақтай отырып, штатқа қабылдауға дайынбыз. Біздің міндетіміз – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті сақтау және Шатыркөл-Жайсаң кластерінің тұрақты дамуын жалғастыру, – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талабына сәйкес жеке тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл шешім өндірістік үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, кадрлық әлеуетті сақтауға және кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға бағытталған. Сонымен қатар ол Шатыркөл-Жайсаң кластерінің өндірістік ықпалдастығын күшейтуге, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын қамтамасыз етуге және технологиялық үдерісті басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Источник: https://t.me/kazakhmys_news/3533