Қазақстанда COVID-19 дертінің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп мәлімдеді.

2025 жылы COVID-19 індеті ел аумағында 329 адамнан анықталған. Дерттің кесірінен жан тапсырған науқас жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда сырқатты жұқтыру дерегі 3,7 есеге азайыпты. Қазақстанда бір аптада коронавирус инфекциясы 25 тұрғыннан анықталады деп денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің келтірген мәліметіне сүйенсек, стационарларда короновирус инфекциясынан екі науқас ем-дом қабылдап жатыр. Олардың жағдайы- орташа ауыр деп бағаланады.
Ел аумағында 2022 жылы әлемде анықталған коронавирустың Омикрон штамы таралыпты. Омикронның 30-дан астам мутациясы бар. Сырқатқа шалдыққандар вирустың инфекцияның жеңіл түрімен ауырады екен. Сол себепті олар ауруханада емделмейді. Аурудың негізгі симптомдары-жоғары тыныс жолдарының зақымдануы, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы және жөтел болады.
Министрлік тұмауратқан жандармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу, қолды жиі жуу, үй-жайларды жиі желдету, сырқат білінген кезде лезде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.