Құлсары мектебінен болған оқиғадан соң оқу ордасының басшысы өз еркімен қызметінен кеткен. Бұл туралы Атырау облысының білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Мектеп директорына бесінші ақпанда қатаң сөгіс берілген.

– Құлсары қаласындағы №6 А.С Пушкин атындағы орта мектептің директоры өз еркімен қызметінен босатылды. Мектеп директорына болған оқипғаға байланысты қатаң сөгіс берілген болатын. Алтыншы ақпан күні өз еркімен қызметінен кету туралы арызы қанағаттандырылды, – деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ өкілдері оқушының балтамен жүгірген шағында күзетшінің оқиға орнында болмағанын жасыра жазуда. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі тергеуге байланысты мұндай ақпаратты бере алмайтынын айтты.

Оқу-ағарту министрі жаға ұстатар оқиғадан соң, Құлсарының мектебіне арнайы комиссияны жіберіпті.

Естеріңізге сала кетейік, бесінші ақпанда Атыраудың Құлсары қаласында оныншы сыныптың оқушысы балтамен мектепте жүгірген видеосы таралды. Соның кесірінен екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды. Қазіргі таңда шабуыл жасаған жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Құлсарыда оқушы балтамен мектепте жүгіріп, қатарластарына шабуыл жасаған