2026 жылы Батыс Қазақстан облысында 70 баспана апатты деп танылған. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары мәлімдеді. Апатты баспананың дені Орал қаласында орналасқан. Қабырғасы қақырап, шатырынан су кетіп тұрған қоныстар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында салынған.
Қазіргі таңда облыс орталығында осындай 60 баспана бар. Бұл- тек ресми сараптамадан өтіп, тұрғындар құжатын әкімдікке өткізгендері. Ескі үйлер бұдан да көп.
Орал қаласы тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, 2026 жылы 245 адам жалғыз үйі апатты деп танылып, баспана кезегінде тұр. Сала мамандары 912 пәтердің апатты екенін айтады.
- Қаламызда 231-ден астам ескі (ветхий) үйлер бар. Жалпы олардың саны 2975 пәтерді құрайды. Апатты үйлердің саны жыл сайын 2-3 үйден қосылып отырады. Мысалы, 2023 жылы апатты үйлердің саны 52 болса, 2026 жылға қарай көрсеткіш 60-қа жетті, -дейді Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Шынар Даубатырова.
Тозығы жеткен баспананың бірі — Назарбаев даңғылы, 144 мекенжайында орналасқан. Ғимарат 1870 жылдары салынған екен. Кезінде Чапаевтың ат қорасы болған көрінеді. Қазіргі таңда апатты баспанада сегіз жанұя жан бағып отыр. Үйдің қасбеті құлап, шатырынан су кетеді. Еденнен сыз өткен тұрғындар қыста тұра алмай, пәтер жалдап тұрады.
- Біздер тышқан сияқтымыз. Үйімізге бір жұма бұрын жаз шыға келдік. Жертөлеміз судан толып тұр. Көктемде 18 шелек су төктік. Жертөлеміз жарылып тұр. Есігі ашылмайды. Үйдің мына бұрышы құлайын деп тұр. Үйдің алдына қызыл лента іліп қойған еді. Ол тұрады ма? Тұрмайды. Біреудің басына кірпіш құлайды ма деп қорқамыз, - деді апатты үйдің тұрғыны Ұлболсын Меңдалиева.
Назарбаев даңғылы, 144 мекенжайында өмір сүретін тұрғындар өткен жылдың желтоқсанында баспана алу үшін құжат жинапты. Содан кейін жауаптылар хабар-ошарсыз кеткен. Апатты үйдің тұрғындары жаңа қонысқа көшуді армандап келеді. Олар өмірі үшін алаңдайды.
Апатты үйлердің санын азайту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Соңғы жылдары осы мәселені атқарушы билік «Реновация» бағдарламасымен шешіп келеді. Өткен жылы облыс орталығында төрт апатты үй сүріліпті. Былтыр Ғұмар Қараш, 33/1, Мәжит Жүнісов, 34, Чапаев көшесі, 49, 51 мекенжайында орналасқан баспана сүрілді.
«Реновация» бағдарламасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады. Мұнда үш тарап болады. Тұрғындар, әкімдік пен құрылыс компаниясы. Әкімдік тұрғындардың 100 пайыз келісім алуы мен құрылыс компаниясын табумен айналысады. Апатты үй сүрілместен бұрын, үш тарап келісімге отырады. Үй сүрілген кезде құрылыс компаниясы тұрғындарға көп жағдайда пәтер жалдап береді. Кейін, құрылысты өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Орал қаласында «Реновация» бағдарламасымен 5-6 компания ғана жұмыстанады. Әлеуметтік жобаға қызығатындар аз секілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үй салып жүрген жанның бірі — Самал Кабулова. Қазіргі таңда кейіпкеріміз Есқалиев көшесі, 178 бен Абай даңғылы, 44 мекенжайында орналасқан апатты үйлердің орнына жаңа баспана салды.
- Есқалиев, 178, Абай даңғылы, 44 мекенжайында орналасқан екі үй болды. Оның ішінде 20 тұрғын болды. Бір үйде он адам, екінші үйде он адам. Бүгінгі күні 20 адамның екі адамына үй алып бердік. Олардың талабы сондай болды. «Бізге үй керек»,деп айтты. Қалған 18 адамның төртеуіне бірінші қабаттан коммерциялық ғимарат береміз. Қалған 14 адам - осы үйдің тұрғыны. Осы үйден баспана алады, - дейді құрылыс компаниясының директоры Самал Кабулова.
Құрылыс жұмыстары сонау 2022 жылы басталыпты. Құрылыстың ұзаққа созылуына жер дауы себеп болған екен. Компания басшысы екі апатты үйдің орнына баспана салу үшін 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат жұмсағанын мәлімдеді.
- Тұрғындар өздері сносқа (үйді сүруге - ред.автор) құжат тапсырады. Құжаттың барлығын рәсімдеуге екі жылдай уақыт кетті. Мына жерде гараждар болды. Гараждардың иелерімен соттастық. Сол себепті құрылыс кішкене ұзаққа созылып кетті. Бүгінгі күні үй 90 пайыз дайын, -деді Самал Кабулова.
Десек те, апатты үй сүріліп, құрылысы ұзаққа созылған баспаналар бар. Солардың бірі — Темір Масин көшесі, 65 мекенжайында орналасқан үй. Осы қоныс 3-4 жыл бұрын сүрілген еді. Сала мамандары осы баспананың жағдайын былай деп баяндайды.
- Оралда 2-3 нысанның құрылысы құжаттамалық мәселелер немесе инвесторлардың қаржылық қиындықтарына байланысты мерзімнен кешігуде. Ал, Темір Масин мекенжайында құрылыстың кешігуі қосымша жер телімін рәсімдеудегі құқықтық кедергілерге байланысты және жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу де уақыт алуда. Бағдарлама шарты бойынша инвестор тұрғындарға жаңа үй дайын болғанша жалдамалы пәтер ақысын төлеп отыр. Алайда құрылыс созылып кеткендіктен, тұрғындардың бір бөлігі туыстарының үйінде немесе өз қаражатына жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. 2026 жылдың сәуірінде инвестор 5-6 отбасыға көпбалалы және мүгедек санатына жататын тұрғындарға құрылыс аяқталғанын күтпестен жаңа үйден пәтер беруді жоспарлап отыр. Құрылысты аяқтау 2026 жылдың соңы немесе 2027 жылға шегерілді, - деді Шынар Даубатырова.
Қазіргі таңда облыс орталығында 50-ге тарта отбасы апатты үй бұзылып, жаңа баспанасы салынғанша пәтер жағалап жүр. Олар жаңа қоныстың құрылыстың аяқталғанын асыға күтуде. Сала мамандары биыл апатты баспананың орнына салынған үш үй пайдалануға берілетінін айтады. Олар Абай даңғылы 44, Ғұмар Қараш, 33/1, Қасым Аманжолов көшесі, 14 үй тапсырылмақ.