БҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды баспанамен қамтуға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Биыл 300 маманға баспана салуға немесе сатып алу үшін бюджеттік кредит берілмек.
Биыл Батыс Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 300 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру үшін 2 миллиард 675 миллион жеті мың теңге қарастырылған.
Бұл туралы облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы мәлімдеді. Күні бүгінге дейін жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауылға келген 782 жұмысшыға 495 миллион сегіз мың теңге соммасында әлеуметтік қолдау көрсетіліпті. Қыруар қаржының 277 миллион тоғыз мың теңгесі көтерме жәрдемақы ретінде төленген.
— Шекара маңы аудандарының ауылдарына келген 356 маманға 277,9 миллион теңге біржолғы көтерме ақы төленді. Осылайша, ауылдық тұрғындарға қолайлы өмір сүру сапасын қамтамасыз ету, олардың табыстарын арттыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, — деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы стратегия және экономикалық даму басқармасы.
Өткен жылы өңірде ауылға жұмыс істеуге барған мамандарға баспана сатып алу немесе салу үшін республикалық бюджеттен үш миллиард 136 миллион төрт мың теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдауға 385 адам иек артты. Әсіресе, шекара маңында орналасқан ауылдарда еңбек ететін 195 маман бір миллиард 517 миллион сегіз мың теңгеге бюджеттік кредит алған. Бұдан бөлек, жергілікті қазынадан елді мекендерде қызметке тұрған 809 маманның аяққа тұрып, оларды қолдау үшін 298 миллион жеті мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіпті.
Елімізде ауылдық жерге жас мамандарды тарту, жастарды елді мекендерге тұрақтандыру үшін 2009 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылды.