3 часа назад

БҚО-да 8 ауыл таратылған

Таратылған ауылдардың барлығы Сырым ауданына орналаcқан.

БҚО-да 8 ауыл таратылған
Сурет "ЖИ" көмегімен жасалды

Батыс Қазақстан облысында биыл өткен жылмен салыстырғанда сегіз ауылға қысқарған. Бұл туралы облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы хабарлады. Осы басқарманың таратқан ақпарына сүйенсек, 2025 жылы өңірде бір облыстық маңызы бар шаһар, бір аудандық маңызы бар қала, үш кент және 405 ауылдық елді мекен тіркелген. Соның ішінде тұрғындарының саны 50 адамнан кем 49 ауылдық елді мекен бар.

Былтыр ауылдық елді мекендердің саны 413 құрапты. Бір жылда сегіз елді мекен Сырым ауданында қысқарған. Жаркамыс, Былқылдак, Ақоба, Қарақұдық, Жаңақоныс, Қызылтаң, Кенаша және Сегізүй ауылы таратылды. Сырым ауданына әкімдігінің мәліметіне сенсек, таратылған елді мекендерден екі жылда 47 адам қоныс аударыпты.

Елдімекендердің тағдыры  Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңымен айқындалады.

Сала мамандары елді мекендердің таратылып, жабылуына тұрғындардың көші-қоны себеп, деседі. Жыл сайын ауылдан көшкен адамдардың саны артып келеді.

— Ауылдық елді мекендерде жүргізілген жіктемесі бойынша облысымызда 223 ауыл перспективті болып айқындалды, оның ішінде 78 тірек ауылдық елді мекен, 110 спутниктік, 35 стратегиялық маңызды шекаралық ауылдық елді мекен бар, — деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы стратегиялық және экономикалық даму басқармасы.

Өлкеміз Ресей Федерациясының бес облысымен шектеседі. Астрахань, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облысы жақын. Сырқы шекараның ұзындығы 1532 шақырымды құрайды. Шекара шебінде орналасқан ауылдық елді мекендерді сақтап, оларды таратпау мәселесі күн тәртібінен түспейтін сауал екені бесенеден белгілі. Сала мамандары соңғ төрт жылда шекара маңында орналасқан бірде-бір елді мекеннің таратылмағанын хабарлады.

 — Облыста жеті аудан шекаралас аумақта орналасқан (Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Бәйтерек, Қазталов, Тасқала және Шыңғырлау). 405 ауылдық елді мекендердің ішінен тұрғындарының саны 104,4 мың  адам болатын  145 ауылдық елді мекен шекаралас аумақта орналасқан, соның ішінен 22 ауылдық елді мекен тұрғындарының саны 50 адамнан кем.  Шекара маңында орналасқан ауылдық елді мекендердің 35 ауылдық елді мекен стратегиялық маңызды шекара маңы, 26 ауылдық елді мекен тіректі және 36 елді мекен спутниктік немесе шекара маңы ауылдық елді мекен 67% перспективті ауылдарға жатады. 2021-2025 жылдар ішінде шекара маңында орналасқан ауылдар таратылған жоқ.   Ауылдарды сақтап қалудың тетіктері жаңа өңірлік саясатты іске асыру шеңберінде қарастырылып отыр. Ауылдық тұрғындарға қолайлы өмірсүру жағдайын қамтамасыз ету үшін олардың ең төменгі базалық қызметтер мен игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету талабы қойылып отыр. Бұл ретте, ҚР Үкіметінің 2025 жылғы екінші қыркүйектегі №710 қаулысымен елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштері бекітілді және ауылдардағы өмірсүру сапасын стандарттарға сәйкестендіру бойынша қаржыландыру бағытталатын болады, — делінген облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының ресми жауабында.

Өңірде ауыл халқын тұрақтандыруы үшін «Қаладан ауылға» атты пилоттық жоба іске асып жатыр. Тың бастама 2024 жылы басталып, келер жылға дейін жалғасады. Күні бүгінге дейін осы бағдарламаның арқасында 872 адам ауылға қоныс аударыпты. Шекара шебінде орналасқан ауылға 97 отбасы, 478 адам көшкен. 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp