Батыс Қазақстан облысында биыл 447 шақырым жол жөнделмек. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жол жөндеу үшін қазынадан 110 миллиард теңге бөлінбек.

Соңғы үш жылда өңірде жергілікті маңызы бар жолдарға 784 шақырым жолы асфальталыпты. Бұл үшін 100 миллиард теңге жұмсалған. Облыс әкімдігі асфальталған жолдардың ішінде 56 ауылдың кіреберіс жолдары жөнделгенін атап өтті. Десек те, жылдар бойы жол салынғанын күтіп жүрген ауылдық ағайынның қарасы қалың. Олар жолсыздың кесірінен күз бен көктемде балшыққа батып, көлігімен жолда қалып жатыр.

— Облыста автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6063 шақырымды құрайды. Оның 1349 шақырымы республикалық, 4714 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 98 пайызы, ал жергілікті маңызы бар жолдардың 60 пайызы нормативтік деңгейде. Кейінгі үш жылда 258 миллиард теңгеге 1542 км-дан астам жол жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша 2023 жылдан бері 396 шақырымды қамтитын 11 жоба іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары мен облыс орталығы арасындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында 82 миллиард теңге 245 шақырым автомобиль жолына жаңа асфальтбетон жабыны төселді, – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өңірде жол салу бойынша іске асып жатқан жобаның бірі – «Подстепный- Федеровка– Ресей Федерациясы». Қазіргі таңда тас жолдың 83 шақырымы жөнделіпті.