Батыс Қазақстан облысында қызылша дертінің эпидемиологиялық жағдайы күрделі. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңірде 223 адамнан аталмыш дерт анықталған. Ауруға шалдыққандардың 90 пайызы екпе алмағандар. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жанабергенова мәлімдеді. Облыстың бас санитар дәрігері қызылшадан бөлек аймақта көкжөтел, жіті ішек инфекциялары, бруцеллез, скарлатина, туберкулез, лямблиоз және кейбір паразиттік аурулар бойынша өсім бар екенін хабарлады.

- 2026 жылдың бірінші тоқсанында облыста жіті сылбыр сал ауруының бір жағдайы тіркелді. Бұл жағдай Ақжайық ауданында анықталды, - деп хабарлады Динара Жанабергенова.

Сала мамандары облыста өңірде 18 жұқпалы ауру бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалғанын хабарлады. Атап айтқанда, сальмонеллез 4,5 есеге, желшешек екі еседен астам, жіті вирусты гепатиттер, ЖРВИ 34,2%-ға, тұмау бес есеге төмендепті.

- Аса қауіпті инфекциялар – тырысқақ, оба, құтыру, сібір жарасы, сондай-ақ дифтерия, қызамық, іш сүзегі, полиомиелит, сіреспе және безгек жағдайлары тіркелген жоқ, -деді Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.