Ақтөбеде Әбілқайыр хан мен Сағадат Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында отандық NAZAR автономды жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді. Жаңа жүйе сынақтан өтуде. Ол жаяу жүргінші анықталған сәтте автоматты түрде іске қосылып, қосымша жарықтандыруды және жол бетіне стоп-сызықтың жарық проекциясын шығарады. Бұл қараңғы уақытта өткелдің көрінуін айтарлықтай арттырады. Жолды кесіп өту қаупі туындайтын сәтте жүргізушілердің назарын күшейтеді.

Жобаны енгізуге ғылыми-техникалық сүйемелдеуді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) жүзеге асыруда. Институт мамандары аталған учаскеде мониторинг жүргізіп, көлік құралдарының қозғалыс параметрлерін талдап, нысанның қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестігін тексереді.

Салалық құрылымдардың деректеріне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының ең кең таралған түрлерінің бірі – жаяу жүргіншіні қағып кету. Мұндай жағдайлардың негізгі себептері ретінде жарықтандырудың жеткіліксіздігі және реттелмейтін жаяу өткелдердің жеткілікті деңгейде көзге түспеуі аталады.

Біз жүйе орнатылғаннан кейін жүргізушілердің өздерін қалай ұстайтындығын бағалаймыз. Көлік ағынының жылдамдығын, ықтимал қақтығыс жағдайларының санын және өткелді пайдалану қарқындылығын тіркейміз. Мониторинг қорытындысы бойынша бұл шешімнің тиімділігіне объективті баға беріледі, – деді ҚазжолҒЗИ бас маманы Закиржан Данияр.

Институт сарапшыларының ұқсас халықаралық тәжірибені талдауына негізделген бағалауға сәйкес, белсенді жарықтық индикацияны қолдану жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғаларын орта есеппен 30–40 пайызға дейін азайтуы мүмкін. Қазіргі уақытта жоба практикалық сынақ кезеңінен өтуде.