Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша сотталған азаматтарды рақымшылыққа іліктіру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Мой Город Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, мұндай қадам халықаралық деңгейде президенттің беделіне оң әсер етуі мүмкін.

«Бізде бір өкінішті жағдай бар: әлеуметтік желіде «комментарий» жазғаны үшін сотталып жатқан адамдар бар. Әріптестерімнен жалынып тұрып сұрайтыным – қылмыстық кодекстің 274-бабымен (көрінеу жалған ақпарат тарату) жауапқа тартылған азаматтарға рақымшылық жасауға ықпал ету», – деді Ринат Зайытов.

Еске салсақ, 2026 жылдың 20 наурызында журналист Ботагөз Омарова «президенттің ат қоралары» туралы материалына байланысты полиция шақырту алған. Кейін ол «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша күдікті деп танылып, үй қамаққа алынған болатын. 22 мамырда оның ісі тоқтатылған.

Айта кетейік, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Сенат қарауына жіберілген.