2025 жылы 4207 адам бизнес идеясын іске асыру үшін грант алған
Биыл әлеуметтік осал топтарына жататын жандар үшін 9 мың грант беріледі деп жоспарланған.
Қазақстанда әлеуметтік осал топтарына жататын жандардың бизнес идеясын іске асыру үшін мемлекет тарапынан грант беріледі. Биыл 4207 адам демеу қаржы алыпты. Грант алғандардың 2665 адам ауылдық жерге өмір сүреді. Жыл соңына дейін 9080 адамға грант беру жоспарланған деп еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.
Мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер 2025 жылдың 21 мамыры мен 3 маусымы аралығында қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссиялар өз жұмысын аяқтап, барлық қаражат грант алушылардың шотына аударылды.
Мемлекеттік демеу қаржыны алу үшін 11 мың 500 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 7450 көпбалалы жанұялар, 1856 мүгедектігі бар жандар, ерекше білім беруді қажет ететін 1334 баланы тәрбиелеп отырған отбасылар мен 289 атаулы әлеуметтік көмек алушының өтініші қаралды. Және конкурсқа асыраушысынан айырылған 384 адам, 93 қоныс аударған және 79 қандастан өтінім келіп түскен.
Өтініштердің саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. 2065 түркістандық грант алуға өтінім берген. Екінші орында Қызылорда облысы орналасқан. 1296 азамат мемлекеттік демеу қаржы алуға ниетті екен. Үшінші орынды Жамбыл облысы түйіндеді. 1133 жамбылдық мемлекеттік грант алу үшін өтініш берген. Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, ең аз өтініш берген өңір-Ұлытау. Мұнда 78 адам өтініш тапсырған. Сондай-ақ, 202 қостанайлық демеу қаражат алуға ынталы болыпты.
– Гранттар негізінен технологиялық құрал-жабдықтарды алуға – 1 856, тауарлық-материалдық құндылықтарды, құрал-саймандарды сатып алуға – 1 236, мал шаруашылығына – 1 013, үй-жайларын жалға алуға – 60 және өсімдік шаруашылығына – 42 берілді. Грант иегерлері санаттары бойынша көпбалалы отбасы мүшелеріне – 2 723, мүгедектерге – 657, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 488, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 126, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушыларға – 145, қоныс аударушыларға – 39, қандастарға – 29 жәрдемақы тағайындалды, – делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Гранттар аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде беріледі. Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, өтініш берушілер өздерінің бизнес-жобасын комиссия отырыстарында ұсынады. Комиссия отырысының өтетін орны, күні және уақыты туралы хабарлама грантқа үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетінде көрсетіледі.
Комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және келесі критерийлер бойынша бағалау парағын толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының дамуы, бизнес-жобаның қаржылық тұрақтылығы, кәсіпкерлік дағдыларының деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешімді комиссия қабылдайды және үміткерлердің бизнес-жобаларын әзірлеуді бағалаудың нақты критерийлері негізінде жүзеге асырылады.
Комиссияның шешімі туралы ақпарат өтініш берушінің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Нәтиже оң болған жағдайда, өтініш беруші салық органдарында қызметін тіркейді, банктік деректемелерді береді, келісімге қол қояды, содан кейін бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы тоқсан сайынғы есеп береді. Мұның барлығы еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ электронды түрде жүзеге асырылады.