Оралда 200-ден астам жас сарбаз ант қабылдады

5517 әскери бөлімінде жас жауынгерлердің салтанатты ант қабылдауы ұйымдастырылды.

Оралда 200-ден астам жас сарбаз ант қабылдады
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің cуреті

5517 әскери бөлімінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оралда жаңадан әскерге қабылданған жас сарбаздар ант қабылдады. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады. Ұлттық ұлан қатары 200-ден астам жас жауынгермен толықты.

Салтанатты рәсімге қатысқан әскери бөлім командирі, полковник Өміржан Сахатов жас сарбаздарға жүрекжарды лебізін білдіріп, ел қорғаны болудың жауапкершілігі мен абыройы жайында айтып өтті.

– Әскери ант – бұл жай ғана сөздер емес, бұл – әр жауынгердің жүрегіне жазылатын серт. Бұл – елге, жерге, ата-баба аманатына деген адалдықтың белгісі. Сіздерге артылған сенім зор. Осы сенімді ақтау – азаматтық парыздарыңыз, – дейді 5517 әскери бөлім командирі Өміржан Сахатов.

Ант қабылдау рәсіміне 600-ге жуық ата-ана қатысыпты. Жас сарбаздар Отанды қорғауға, елде адал қызмет етуге ант берді.

– Біз, жас сарбаздар, әскери тәртіп пен жауынгерлік рухты бойымызға сіңіріп, Ұлттық ұлан қатарында абыроймен қызмет етуге ант етеміз. Ел тыныштығы – біздің басты міндетіміз, – дейді қатардағы жас жауынгер Арнұр Сисенов.

Ақжайық өлкесінде Түркістан, Ақтөбе, Атырау мен Алматы, Жамбыл мен Маңғыстау облысынан келген жауынгерлер әскери борышын өтейді. Сарбаздар алдағы уақытта Орал қаласының қоғамдық тәртібін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында жауынгерлік қызмет атқармақ.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің cуреті

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp