14 часов назад

Ақтөбеде заңсыз онлайн казино ұйымдастырғандар сотталды

Ақтөбеде онлайн казино ұйымдастырғандар «bingo37.pro» мобильді қосымшасы арқылы заңсыз бизнесін жүргізіпті.

Қаржылық мониторинг агенттігі видеосының стоп-кадры

Ақтөбеде заңсыз онлайн казино ұйымдастырғандар сотталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Сотталғандар«bingo37.pro» мобильді қосымшасы арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырыпты. Қатысушылардан түсетін ақша аударымдарын операторлар қабылдап, оларды платформада тіркеп, әрбір ойыншыға «логин», «пароль» және ойындарға кіруге сілтеме беріліпті. Күн сайын заңсыз онлайн казинодан 150 000 - 200 000 теңгеге дейін ақша түсіп отырған.

 — Қылмыстық кірістерді жылыстату мақсатында алаяқтар «дропперлерді» тартқан, яғни банктік карталары арқылы ақшаны қолма қол айналымға өткізген. Айта кетсек, ұйымдастырушыларының бірі 2020 жылы дәл осындай қылмыс бойынша қолға түсіп, жазаланған болатын, бірақ соған қарамастан заңсыз қызметін тоқтатпаған, — деп хабарлады қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Сот үкімімен тоғыз адам кінәлі деп танылды. Олар екі жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Сондай-ақ қылмыстық кіріске алынған үш көлік тәркіленіпті. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.