4 часа назад

Ақсайда «Жас сақшы» сыныбы ашылды

«Жас сақшы» сыныбына 25 оқушы қабылданған.

БҚО ПД фотосы

Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында «Жақ сақшы» сыныбы ашылды. Жаңа сынып №5 мектепте өз жұмысын бастады. 

Жаңа бастамаға Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының ардагері Шектебаев Ишбулат Төреғожаұлының есімі берілді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

— Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы полиция полковнигі Қадыржан Сағын, Бөрлі аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сұлтан Шалдарбеков, ішкі істер органдарының ардагерлері, аудандық әкімдік пен прокуратура өкілдері, мектеп ұжымы мен оқушылары, сондай-ақ Ишбулат Төреғожаұлының балалары мен туыстары қатысты, — делінген Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарламасында.

«Жас сақшы» сыныбына 25 оқушы қабылданыпты. Балалар салтанатты түрде ант қабылдады. Жас өрендерге арнайы «Жас сақшы» деген куәліктер табысталды. Бұл бастама – жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және құқық қорғау саласына деген қызығушылықты дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Салтанатты жиында жас сақшылар полиция қызметкерлерімен кездесіп, олардың қызметі жайлы сұрап, толғандырған сауалдарын жолдаған. Іс-шарада полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстың түрлі тәсілдерін көрсеткен.

Батыс Қазақстан облысында алғаш «Жас сақшы» сыныбы 2024 жылы Орал қаласында ашылды.