2 часа назад

Бөрлі ауданында 50 аса ұлт пен ұлыс өмір сүреді

Бөрлі ауданында ұлтаралық татулық сақтау, бейбітшілікті сақтау үшін түрлі шара ұйымдастырлмақ.

Бөрлі ауданында 50 аса ұлт пен ұлыс өмір сүреді
Бөрлі ауданы әкімдігінің видеосынан стоп кадр

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Елімізде 130 тарта ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Әртүрлі салт-дәстүрді ұстанатын, түрлі тілде сөйлейтін жандардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі күн тәртібінен түспейтін сауал. Түрлі этностың татулықты ту қылып, бейбіт өмірді көздің қарашағындай сақтау қажет. Осы міндетті орындау үшін еліміздің түпкір-түпкірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалдары жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданында 50 аса ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда Бөрліде 57444 адам өмір сүреді. Бөрлі ауданының тұрғындары шаңырақ көтеріп, бала сүйіп, кәсібін ашып, еңбекке араласуда.

— Бөрлі ауданында достық пен келісімде 50 аса  ұлт пен этнос өкілі тұрады. Оның ішінде: қазақтар - 72,3%, орыстар - 18,2%, украиндар - 4,8%, белорустар -0,7%, татарлар - 1,6%, қалғандары - 2,4% құрайды.  Аудан бойынша этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі  ведомствоаралық модельдік жоспар және этносаралық қатынастарды дамыту бойынша медиа-жоспар жасақталып, іске асырылуда. Жоспарға сәйкес ЭМБ арасында кездесулер, дөңгелек үстел,  тіл байқаулары, әдеби кештер жоспарланған, —делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми хабарламасында.

Бөрлі ауданында түрлі ұлт пен ұлыс аудан орталығында «Достық үйі» аясында шоғырланып, сегіз этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

  • «Мирас» Бөрлі ауданы қазақтарының этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі; 
  • «Приуралье» орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі; 
  • «Хуторок» Бөрлі ауданының  этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі; 
  • «Достық» Бөрлі ауданының Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі; 
  • «Тонг-ИЛЬ» Бөрлі ауданы корейлерінің этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі; 
  • «Дзала Эртобашиа»Бөрлі ауданы грузиндерінің  этно-мәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі; 
  • «Сарман»Бөрлі ауданы татарларының  этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі;
  •  «Қурай» Бөрлі ауданының башқұрт этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі бар.     

 — Этномәдени бірлестіктердің негізгі қызметі - өз халқының мәдениетін, тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту, басқа халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тілін құрметтеуге тәрбиелеу, Қазақстан халқы арасындағы достықты нығайту», — деп Бөрлі ауданының әкімдігі хабарлады. 

Бөрлі ауданында ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелері бойынша спикерлер пулы құрылыпты. Оның құрамында ауданның беделді және белсенді азаматтары, ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшелері мен этно-мәдени бірлестігінің өкілдері бар.

Бөрлі ауданында түрлі этномәдени бірлестік өкілдері тұрғындармен ұлттық мерекелерде бірге атап өтеді. Іс-шаралар аудандық Достық үйімен бірлесе атқарылады. Мәселен биыл аудан көлемінде орыс ұлтының «Масленица», башқұрт, татар ұлттарының «Сабантой», Рождество (православ) мерекелері ұйымдастырылды.

— Ағымдағы жылы аудан тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатында Алғыс айту күніне және Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қазақ еліне мың алғыс!» атты дөңгелек үстел, Халықаралық әйелдер күніне арналған кездесу кеші, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай мәдени композициялық қойылым, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында мерекелік концерттер, Қазақстан Республикасының рәміздер күні мен Астана күніне орай мерекелік концерттік бағдарламалар, «Ырысы мол - Құрбан айт» атты шарасы, татар-башқұрт халқының дәстүрлі «Сабантой» мерекесі, челлендждер мен әдеби-сазды кештер ұйымдастырылды, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Түрлі ұлт пен ұлыстың тату-тәтті өмір сүріп, ұлтты ұйыстыру құралының бірі — тіл. Аудан әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, Бөрлі ауданында жыл санап мемлекеттік тілді меңгеріп, оны үйренгесі келетін өзге ұлт өкілдері артып келеді. Биыл Бөрліде «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 120 тұрғын қазақ тілін оқыту курстарына қатысыпты. Олар мемлекеттік тілді меңгеруде.Қазақ тілі курстарына қатысушыларға Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің жоғары білімді мамандары білім берген. Тіл үйренуге қатысушылардың жас ерекшелігі әртүрлі. Мемлекеттік тілді оқыту курстарына қатысушылардың 40 пайызы өзге ұлт өкілдерінен тұрады. Тіл үйретуге арналған курстардан бөлек, Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында өзге этнос оқушыларының қатысуымен «Қазақшаныз қалай?» аудандық байқауы да ұйымдастырылған.

Биыл мамыр айында аудан аумағында Қазақстан халқының бірлігі күні атап кең көлемде тойланған.

—Халық өсімі мен бауырмалдық, қонақжайлығымен айрықшаланатын Бөрлі ауданында түрлі ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Жалпы мәдени іс-шарамен  бастау алған, түрлі ұлт өкілдері ынтымақ пен бірлікті жыр етіп мерекенің сәнін келтірді. ҚР Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Қазақ еліне мың алғыс» атты дөңгелек үстелмен бастау алды. «Мирас» қазақ, «Приуралье» орыс, «Хуторок» украин, «Сарман» татар, «Қурай» башқұрт, «Тонг-иль» корей, «Достық» әзербайжан, «Дзала Эртобашиа» грузин этномәдени бірлестігінің өкілдері және «Достық», «Возрождение» клубының мүшелері қатысты. Қатысушылар қазақ халқының кеңпейілдігіне ризашылықтарын білдіріп, этносаралық татулықты сақтау жайында пікір алмасты. Бөрлі ауданында әр ұлт өкілдері өздерінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ұлттық тағамдары мен киім үлгілерін кеңінен насихаттау үшін кең көлемді мәдени шара ұйымдастырылыпты. Шара барысында халықтың ұлттық биі мен әндері орындалып, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдарының көрмесі өтіп, тарихи жәдігерлер мен тұрмыстық заттар таныстырылды. Бұл шара ұлттар арасындағы достықты нығайтып, көпұлтты еліміздің мәдени байлығын паш етті , —делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.

Бөрлі ауданының әкімдігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында жыл он екі ай бойы түрлі тағылымды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Биыл қазақ, әзербайжан, орыс, украин этномәдени бірлестіктері салт-дәстүрді насихаттайтын, шаралар өтпек. Жоспар мынандай:

  • «Қазақ дастарханы» – қазақ халқының қонақжайлығы мен ұлттық тағамдарының ерекшелігін таныстыратын танымдық шара;
  • «Достық дастарханы» – түрлі этностардың тағамдары ұсынылатын, ұлттар арасындағы сыйластық пен татулықты дәріптейтін мәдени жиын;
  • «Береке бастауы – бірлік» – еліміздегі этностардың бірлігі мен ынтымағын паш ететін мерекелік концерттік бағдарлама мен көрме.

Бұл іс- шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының басты құндылықтары бейбітшілік, келісім және бірлік идеясын кеңінен насихаттап, ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған екен.

Осы іс-шаралардан бөлек 2025 жылдың тамыз айында аудан тұрғындары Бөрлі ауданының құрылғанына 90 жыл толуын кең көлемде атап өтті. Шаралар легін "Қарашығанақ" стадионында ұйымдастырылған гала-концертпен қорытындыланған еді. 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp