Бөрлі ауданында «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы іске асуда
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Бөрлі ауданының әкімдігі 214 адамды қабылдаған.

Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жасақталды. Осы тұжырымдамаға сай ел аумағында барлық шенеуніктер азаматтарды қабылдап, олардың мәселесін шешу үшін жұмыстануы керек.
Осы мақсатты Бөрлі ауданының әкімдік қызметкерлері де атқарып келеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ауданда 164 рет азаматтарды қабылдау жүргізіліпті. Осы іс-шараға 214 бөрлілік қатысқан. Оларды түрлі мәселе толғандырады.
Бөрлі әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, 2025 жылдың 28 ақпанында «Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдау күні ұйымдастырылған. Бұл шараға аудан әкімі, оның орынбасарлары, құқық қорғау қызметкерлері, орталық мемлекеттік органдардың аудандық бөлімдері мен коммуналды мекеме басшылары азаматтарды қабылдаған. Олар аудан халқының жеке мәселесі бойынша мұң-мұқтажын тыңдапты.
— Қабылдауда тұрғындар тұрғын үй, жер, қар тазалау, су мәселелерін көтерді. Көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер және тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
Бөрлі ауданында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» орындау үшін өткен жылдың төртінші қаңтарынан бастап «Азаматтарды қабылдау орталығы» құрылды. Аталмыш орталық тұрғындардың мәселесі бойынша кеңес беріп, жолданымдарды тіркейді. Мұнда Бөрлі ауданы әкімі аппаратының және дербес бөлімдерінің мамандары қоян қолтық жұмыс істейді.
Азаматтардың толғандырған мәселені шешу соңғы жылдары «Халық заңгері» атты акция да кең көлемде ұйымдастырылып келеді. Іс-шараның тұрғындарға берері көп. Азаматтар үздік заңгерлердің кеңесін тегін ала алады. 2025 жылдың 30 мамырында Бөрлі ауданында да «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтіп, он тұрғын кеңес алды.
— Сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй алу, жер кезегі, алимент өндіру, бұғатталған есепшоттарды ашу, жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеу мәселелеріне қатысты болды, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
«Халық заңгері» акциясы 2013 жылы Алматы қаласынан бастау алды. Ал, 2016 жылдан бастап республикалық мәнге ие. Іс-шара халықтың құқықтық сауаттығын арттыруға арналған.
Естеріңізге сала кетейік, жақында бөрліліктер ауданның құрылғанына 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті.