Бөрлі ауданында 1256 мүгедектігі бар адам өмір сүреді
Аудан әкімдігі мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін көмекті жіпке тізді.

Бөрлі ауданында 1256 мүгедектігі бар адам өмір сүріп жатыр. Олардың 214 адамы І топтың мүгедегі, 472 азамат ІІ топтың, 386 тұрғын ІІІ топтың мүгедегі болып танылған. Кәмелет жасына толмаған мүгедектігі 184 бала бар.
Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау үшін 2027 жылға дейін арналған Ұлттық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ауданда мүгедектігі бар жандардың қолайлы өмір сүру үшін жағдай жасалған екен. Бірінші кезекте тағдырдың түрлі сынына тап болса да, мойымаған жандар үшін әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша паспортталған нысандар саны — 117 құрайды. Бейімделген ғимарат саны — 107. Биыл 13 нысанды бейімдеу жоспарланыпты. Күні бүгінге дейін жоспарланған нысандарда тиісті жұмыстар аяқталыпты. «Бейімделген нысандар жайлы ақпаратты inva.gov.kz сайтында орналастырылады»,- деседі Бөрлі ауданының әкімдігі.
Тағдырдың түрлі сынына тап болған жандарды жұмысқа орналастыру — күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мүгедектігі бар жандардың еңбекке араласуы үшін жұмыс орындарына квота жұмыскерлердің санынан екіден төрт пайызға дейін меншік нысанына қарамайды. Мекемеде 50 адамнан астам қызметкері бар барлық кәсіпорындарда белгіленеді.
Биыл аудан бойынша үш адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Күні бүгінге дейін мүгедектігі бар бір аудан тұрғыны тұрақты қызметке орналасыпты. Сала мамандарының таратқан ақпарына сүйенсек, жыл басынан мүгедектігі бар жеті адам жұмысқа тұрған. Екі қолға бір күрек тапқандардың үшеуі қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орнында бір адам және үш тұрғын тұрақты қызметке орналасыпты.
Мүгедектігі бар жандардың жайлы өмір сүруі үшін тиісті техникалық құрал-жабдықпен қамту маңызды. Ол қызмет «Әлеуметтік қызмет көрсету порталы» арқылы жүзеге асырылады. Мүгедектігі бар адамдардың абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламалары бойынша жыл басынан 38 адам тифло, сурдо құралдармен, 42 тұрғын протез-ортопедиялық көмекпен, 18 азамат арнаулы жүріп-тұру құралдармен, 176 адам міндетті гигиеналық құралдармен қамтылыпты.
Бөрліде жеке көмекшінің қызметін алты адам, ымдау тілі маманының қызметін 12 адам алып отыр. 21 тұрғын санаторлық курорттық ем алды. 47 жан санаторлық-курорттық емделуге алдын-ала тапсырыс беріп қойған. 12 адам «Ақжайық» оңалту орталығында оңалту шараларын алды.
— Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкерлері 14 мүгедектігі бар адамға, екі мүгедектігі бар балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп отыр.Үйден оқытылатын 25 мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек төленеді. Жергілікті өкілетті органның шешімі бойынша мүгедектігі бар балалардың емделуге барған кезде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Материалдық көмек 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биыл 27 балаға төленіпті. Конституция күніне орай барлық мүгедектігі бар балаға бір реттік материалдық көмек 20 мың теңге көлемінде төленеді. Гемодиализ аппаратын пайдаланатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет материалдық көмек 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көрсетіледі. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторлық-курорттық емделуге бірге алып жүруші адамдарға санаторийде болу күндері кепілдік берілген соманың 70 пайызынан аспайтын мөлшерінде өтеледі, — делінген Бөрлі ауданының хабарламасында.
Мүгедектігі бар жандардың толыққанды қоғамның мүшесі ретінде сезініп, белсенді өмір сүру үшін ауданда әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр.
Жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді 2023-2025 жылдары «Малика» қоғамдық бірлестігі көрсетіп келеді. Логопед, психолог, әлеуметтік педагог, әлеуметтік қызметкер күн сайын жеке бағдарламалар бойынша қызметтер көрсетеді. Мұнда алты бала қызмет алады.
«Бөрлі ауданының мүгедектігі бар адамдардың бос уақытын ұйымдастыру» әлеуметтік жобаны «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды. Мүгедектігі бар адамдар үшін спорттық, мәдені шаралар ұйымдастырылып, экскурсиялар, шеберлік сағаттар, тақырыптық кездесулер өтеді екен.
— Бөрлі ауданында мүгедектігі бар балаларды әлеуметтендіру» әлеуметтік жобаны «Жас Қанат» жастар қоғамдық бірлестігі іске асырды. Мүгедектігі бар балалар және олардың ата-аналары үшін әр-түрлі шаралар ұйымдастырылып, қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. «Аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларды сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсету» әлеуметтік жобаны 2024-2026 жылдары Жас Дарын іске асырып жатыр. Аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларды қоғамға қосуға жағдай жасау, оларды дамыту бойынша психолог, АВА терапевт, логопед-дефектолог мамандар қызмет көрсетеді, — делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Мүгедектігі бар жандар Инватакси қызметін пайдаланады. Аталмыш қызметті көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған І топтың мүгедектігі балалар мен ересектер пайдаланады. Сондай-ақ «Бөрлі ауданындағы жүзу бассейнінде мүгедектігі бар балаларға Аква оңалту қызметтерін көрсету» әлеуметтік жоба аясында «Сенім Ақсай» ҚБ екі мен он екі жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға аптасына екі рет бассейінде оңалту шараларын жүргізеді.
- Бөрлі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында 43 жаңа кәсіп ашылды
- Бөрлі ауданында 38 адам саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болды
Фото: pexels.com