Бөрліде ақын-жазушылардың шығармаларын таныту мақсатында іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады
Аудан аумағында ақын-жазушылардың шығармалары мен олардың еңбегін насихаттап, оқырмандар арасында танымалдығын арттыру үшін түрлі іс-шара өтеді.

Жақында Сырым ауданында Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай дүбірлі думан өтті. Ақын туған топырақта ат жарыс, жаңа спектальдің премьерасы мен гала концерт ұйымдастырылды. Айтулы шараға ақынның жанұясы Ақжайық өлкесіне арнайы келді.
Осындай тағылымды іс-шаралар Бөрлі ауданында да ұйымдастырылды. Ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына арналған «Қадыр Мырзалиевті оқимыз» акциясы аясында Успен, Бөрлі, Бумакөл ауылдық кітапханаларында «Жайықтың жыр қыраны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып,бесінші-алтыншы сынып оқушылары арасында дауыстап оқу шарасы өтіпті.
Аудан әкімдігінің хабарлауы бойынша тұрғындар арасында ақын-жазушылардың шығармаларын танытып, оларды оқуға үгіттеу үшін түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Соның бірі - Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Биыл күллі қазақ елі бас ақынның мерейтойын кеңінен атап өтті. Бұдан Бөрлі ауданы да қалыс қалған жоқ.
— Аудандық демалу орталығында өткен «Желсіз түнде жарық ай» атты мерекелік концерт шаралардың жарқын көрінісі болды. Кеш барысында Абайдың жүрекке жылы тиетін сырлы әндері орындалып, терең мазмұнды өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды. Іс-шараға 90 жуық көрермен қатысып, рухани ләззат алды. 2025 жылғы оныншы шілдесінде аудандық деңгейде кітапханашылар арасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты шығармашылық байқау өткізілді. Байқау Абай мұрасын насихаттап, кітапханашылардың шығармашылық қабілетін танытты. Өткен жылы алтыншы тамызда аудан көлемінде өзге этнос өкілдері арасында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты байқау өтті. Шараның мақсаты - ұлы Абайдың мол мұрасын әр этнос өкілінің жүрегіне жеткізу, ынтымақ пен бірлікті нығайту болды, — делінген Бөрлі ауданының ресми жауабында.
Бөрлі ауданында Абай мен Қадырдан өзге, Тұманбай Молдағалиевтың 90 жылдық мерейтойында кең көлемде тойлапты. Ауданда «Тұманбай толғаған тұнық сезім» атты әдеби кеш өтті. Оны сексеннен астам бөрлілік тамашалапты. Тағылымды шараның мақсаты айқын. Жас ұрпаққа ақынның шығармашылығын таныстырып, кеңінен насихаттау.
— Жыл басынан бері аудандық демалу орталығы мен ауылдық мәдениет ошақтарында поэзия кештері, шығармашылық байқаулар, әдеби сағаттар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Кештер барысында ақындардың туған жерге, елге деген махаббаты мен өмірге деген нәзік лирикасы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына орай №3, №4 қалалық кітапханаларда «Есенберлин мұрасы – ел қазынасы» атты библио-глобус шарасы, Сәбит Досановтың 85 жылдығына орай Ақсу, Ақбулақ ауылдық кітапханаларында «Сыр мен сырласу» әдеби кеші, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай Пугачев ауылдық модельді кітапханасында «Батыр ағалар туралы аңыз» патриоттық кеші өтті. Осы аталған мәдени-әдеби шаралар арқылы аудан тұрғындарына рухани азық ұсынылып, ұлттық әдебиеттің көрнекті тұлғаларының шығармашылығы кеңінен насихатталды, — делінген Бөрлі ауданының ресми жауабында.
Ақын-жазушылардың шығармашылығынан бөлек, Бөрлі ауданының орталық аудандық кітапханасында әнші-композитор Мұхит Мералыұлының шөбересі, ақын Әсия Ғұбайдоллақызымен «Өмірімнің өрнегі» атты сыр-сұхбат ұйымдастырылған. Ақын Қайрат Жұмағалиевтің туған күніне орай «Қайрат оқулары» аясында «Перзент үні» атты поэзиялық пикник №4 ЖББОМ оқушыларының қатысуымен «Наурыз» саябағында өткен.