Тұрғындар игілігі үшін жаңа міндеттер
Бөрлі ауданының әкімдігінде президенттің Қазақстан халқына арналған жолдауын талқылап, орындалуы керек жұмыстар пысықталды.

12 қыркүйекте Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Қазақстан халқына жолдауында айқындалған міндеттер талқыланып, оларды жүзеге асыру жолдары сараланды.
Кеңес барысында әлеуметтік жобаларды дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту, интернет алаяқтықтың алдын алу, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, экологиялық ахуалды жақсарту, кәріз тазарту станциясының құрылысы, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және Ақбұлақ ауылында туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Аудан басшысы әлеуметтік саясаттың маңыздылығын атап өтті. Ол көпбалалы отбасыларды қолдау мен үлгілі шаңырақтарды дәріптейтін жаңа жобаларды әзірлеуді тапсырылды. Бұл бастамалар қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға, жас ұрпаққа өнеге болуға бағытталмақ.
Технология дамыған заманда интернет алаяқтықтың қаупі күшейіп келе жатқанына назар аударылды. Осыған байланысты, былтырғы Жолдауда бастау алған «Заң және тәртіп қағидаты» аудан көлемінде биыл да жүйелі түрде жалғасын табатын жеткізді. Алдағы уақытта қауіпсіздік шараларын күшейтуге айрықша көңіл бөлінбек.
Бөрлі ауданының экономика саласында да оң өзгерістер бар. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға 133,5 миллиард теңге инвестиция салынып, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалған. Ауыл шаруашылығында да ілгерілеу бар.Биыл жалпы өнім көлемі 1,7 миллиард теңгеден асыпты. «Ауыл Аманаты» және «БатысАгрохаб» жобалары арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға қолдау көрсетілуде.
Экология бағытында «Таза Қазақстан» акциясы ерекше мәнге ие. Оған бес мыңнан астам адам қатысып, 445 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтамағандарға ескертулер жасалған. Акция аясында 16 мыңнан астам ағаш отырғызылып, орман шаруашылығы арқылы 600 мыңнан аса жасыл желек егілді. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, болашақ ұрпаққа таза әрі қолайлы орта қалыптастыру.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Жаңа мектептер мен медициналық нысандардың құрылысы – осының айқын дәлелі.
Жиында Ақбұлақ ауылындағы туризм әлеуеті де қаралды. Туризмді дамыту инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңес соңында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы тұрғындардың әл-ауқатын арттырумен қатар, аудан дамуына тың серпін беретінін атап өтті.