12 августа в 11:00

Қазақстанда 1,3 млрд тенге жалақы берешегі тіркелген

Еңбек инспекторлары 4200-ге жуық заң бұзған фактіні анықтапты.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Қазақстанда кәсіпорындарында 1,3 миллиард теңге көлемінде жалақы берешегі тіркеліпті. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Сала мамандары 239 кәсіпорында 3,5 мыңнан астам адамның еңбекақы ала алмай жүргенін мәлімдеді. Тексеріс барысында төрт мыңнан астам заң бұзушылық анықталыпты.

-Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 287 ұйғарым беріліп, 277 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 3,4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,1 миллирад теңге төленді, - делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

2025 жылғы бірінші тамыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 514 тексеру жүргізіпті. Тексеріс барысында 4 132 бұзушылық анықталған. Еңбек саласында – 3 465, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 648, халықты жұмыспен қамту бойынша – 19 заң бұзған факті анықталыпты. 

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 25 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды,- деп хабарлайды министрлік.

Еңбекақысын ала алмай жүрген жандар жергілікті еңбек инспекциясы мекемесіне шағымдана алады.